Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мұғалімдер 5 мың доллар алады": Данияда тұратын қазақ ең бақытты елдің тұрмысы жайлы айтты

Опубликовано:

Данияның Орхус қаласы
Данияның Орхус қаласы: 34travel

Данияның Орхус қаласында тұратын этникалық қазақ Қажы Әкбар Аюби "Замана" басылымына сұхбат беріп, шетелдегі тұрмыс жағдайы туралы баяндады. Қилы замандарда ата-бабасы елден үдере көшіп, кейін Ауғанстан, Иран елдерінде өмір сүрген Әкбар бүгінде Еуропадағы ең бақытты елдердің бірінде күн кешіп жатыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Әкбар Аюби Даниядағы "Сименс" компаниясының бас кеңсесінде сарапшы болып жұмыс істейді. Ол аталған мемлекетте 60 шақты қазақ барын айтады.

"Біздің түбіміз Қызылорда облысының Қармақшы ауданынан. Әжемнен естігенім – аталарымыз Ақтөбе базарына қатынап, мал апарып, тұрмысқа керек-жарақ әкеліп тұрған екен. Соған қарағанда, Қызылорда мен Ақтөбе аралығында көшіп-қонып отырған ел болса керек. Кіші жүз шөмекейдің аспан руының ішінде аюбилері боламыз.

Аюби – менің 12-ші атам, батыр, би болған екен. Әкемнің әкесі Молда Базар кезінде Бұхарада оқыған, көзі ашық, білімді кісі болыпты. Кеңес өкіметі орнаған жылдарда байлар мен дін адамдары қуғын көрген ғой.

Содан аталарымыз қуғынға ұшырап, Өзбекстанның Бұхара жағына, кейін Ауғанстанға өткен. Көшкен жұрт көп қиындықтар көріпті, аман қалғандары сол елде тұрақтап, тұрмысын түзеген екен.

Менің 6-7 жасар кезімде Ауғанстанда соғыс басталды да, жағдайымыз қиындап кетті. Әкемнің салған үлкен үйі, жиған дүние-мүлкі, алтындары болған еді, кейін соғысушылардың қай жағы екенін білмеймін, 15 шақты қарулы адам келіп бірталай дүниемізді тартып әкетті. Сосын ол жақтан көшуге әрекет жасадық. Әкемнің шекарада бұрыннан танитын адамдары бар екен, солармен байланысып жүріп, екі баламды Иранға аман-есен өткізіп беріңдер деп өтініш жасапты.

Иранға бірінші болып үлкен ағам өтті, кейін ол екінші ағамды көшіріп алды. Олардың артынан 1981 жылы Иранға біз де өттік. Ауғанстандағы әкем салған үйді арзан бағаға сатып кетуге тура келді.

Үлкен ағам университет бітірген, көзі ашық азамат еді, бізге сол бас-көз болды. Еуропалық тиісті ұйымдарға арызданып жүріп, ағам ақырында Данияға көшіріп әкелді. Ол кезде менің жасым 15-ке келіп қалған, мектеп көрмеген, тіпті де сауатсыз болатынмын", - дейді ол.

Алайда, 15 жасына дейін сауаты болмаған Әкбар өз қабілетінің арқасында жоғары білім алған.

"Бұл елге көшіп келген кезімізде мен тіпті де сауатсыз едім. Бірінші кезекте тіл үйрендім. Сосын мені жасыма қарай 9-сыныпқа бірден қабылдады, оны жақсы бағалармен бітіріп, техникалық гимназияда оқыдым. Сосын Қазақстанға келіп, Дүниежүзілік қазақ қауымдастығында жұмыс істедім. Осында келіншегім Назгүлмен таныстым, оның оқуын бітіруін күтіп, Қазақстанда екі жыл тұрдым. Сосын Данияға оралдық. Орхус қаласындағы экономика университетінде оқыдым. Әлемдегі ең озық 100 университеттің бел ортасында саналатын университеттен жақсы білім алып шықтым", - дейді Әкбар Аюби.

Сөз арасында этникалық қазақ Даниядағы өмір сүру деңгейінің жоғарылығына тоқталып, ерекшеліктерін атап өтті.

"Жалпы, Данияда демографиялық проблема бар. Жергілікті халыққа шаққанда бір отбасыға 1,8 баладан ғана келеді. Өсім әр отбасында кемінде 2 бала болса сақталады ғой. Сондықтан Данияда жергілікті тұрғындар саны азаюда. Есесіне шетелдіктер көптеп келуде. Қазір халықтың 7,5 пайызын шетелдіктер құрап отыр, олардың саны өсуде. Бірақ олардың білімі төмен, сондықтан көбіне қара жұмысқа алынады.

Бұл жақта айлық жалақы орташа есеппен 5 мың доллар болады. Мысалы, мұғалімдер айына 5 мың доллар жалақы алады. Дегенмен мұнда жұмысқа тұру оңай емес, бәсекелестік жоғары.

Данияда ірі компанияларды шетелдермен жұмыс істейтін етіп ашады, олар өз өнімдерін негізінен экспортқа шығарады. Бұл компанияларда ортақ тіл – ағылшын тілі. Олар жоғары білімді мамандарды бүкіл дүние жүзінен жинайды. Сондықтан ондай ірі компаниялар жұмысшыларының 20-дан 60 пайызға дейіні шетелдіктер болып келеді", - дейді ол.

Әкбар Аюби мұндағы тұрмыс деңгейінің жоғары екеніне назар аударды.

"Дания халқының тұрмысы жақсы. Ол тұрғындарының тұрмысы жағынан әлемде үнемі алғашқы «үштіктен» түскен емес. Адамдары ең бақытты ел деп бағаланатын рейтингтің маңдай алдында жүреді. Елдің экономикасы дамыған, халқының тұрмысы жоғары.

Мұнда балабақша, мектеп тегін, жоғары оқу орындарында білім алу тегін. Бала 18-ге толғанша оның есебіне айына 500 доллар түсіп тұрады. Егер ол кейін де әке-шешесімен бірге тұратын болса, олардың табысы есептеліп, балаға 200-500 доллар аралығында ақша беріліп тұрады.

Бұл елде аурухана қызметі де тегін. Құны 100 мың доллар болатын, ішкі ағза мүшелерін алмастыратын операция жасалса да тегін.

Жұмысқа жарамсыз адамдарға 2000 доллар жәрдемақы беріледі. Егер үйі жалға алынған болып, ақысын төлей алмай отырса, баласы балабақшаға баратын болса, оған да көмектеседі. Жұмысқа денсаулығы жарамай қалғандарға жәрдемақы, зейнетақы тағайындайды.

Қысқасы, ең жарлысының өзінің тамағы тоқ, киімі бүтін, олар тіпті жылына бір мәрте шетелде демалып та қайта алады.

Ал бағалар жағынан айтар болсам… Мысалы, мен осыдан екі жыл бұрын ұлыма университетке жақын жерден 100 мың долларға аумағы 32 шаршы метрді құрайтын бір бөлмелі пәтер әпергенмін. Дәл қазір жылжымайтын мүлік құнын пәлен деп нақтылап айта алмаймын. Ал азық-түлік бағасы Қазақстандағыдан 30 пайыздай қымбат. Бірақ олар өте сапалы", - дейді Аюби әулетінің өкілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918093-mugalimder-bes-myn-dollar-alady-daniyada-turatyn-qazaq-mundagy-turmystyn-basty-artyqsylygyn-aitty/

pixel