Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Еркектер ұл туса екен дейді": Психолог баланы ұл-қыз деп бөлетін қазақтарға ескерту жасады

Опубликовано:

Фото
Фото: ummet.kz

Танымал отандық акушер-гинеколог, психолог, сексолог Жанна Төремұратова қазақ отбасыларында әлі күнге дейін балаларды жынысына қарай алалау барын айтты. Білікті маманның сөзінше, көптеген ерлі-зайыпты жыныстық тәрбиенің сауатсыздығы салдарынан перзентінің мінезінің өзгеруіне себепкер болады екен. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген маман, сондай-ақ, жыныстық тәрбиені қай жастан бастап беру керектігін де атап өтті.

Көп жылдар бойы еліміздің медицина саласында қажырлы еңбек етіп жүрген білікті маман қазақтар арасында балаларды "ұл, қыз керек" деп алалау әлі де жиі кездесетінін атап өтті.

"Жыныстық тәрбие жағын біз расымен де ұят деп кейінге ысырып қойып жатамыз. Бірақ сол жыныстық тәрбиені дұрыс бермеуіміздің салдарынан ерте жыныстық қатынасқа түсу, жыныстық жолмен таралатын инфекциялық аурулардың таралуы және т.б. көптеген мәселелерге жол беріп отырмыз. Жалпы біз бала туылмай жатып жыныстық тәрбиені бастаймыз.

Мысалы ер адамдар көбінесе ер бала туылса екен дейді. Тіпті құрсағымыздағы баламен ұлым, қызым деп сөйлескен сәттен біз жыныстық тәрбиені бастаймыз. Егер қыз бала әкесінің ұл болғанын қалайтынын байқаса, ол сол кезден бастап әкесінің көңілінен шығамын деп, еркекшора болуды бастайды. Яғни еркек сияқты киінеді, іс-әрекеті де сондай болады. Соның барлығы жыныстық тәрбиені дұрыс бермеуімізден. Сол себепті ұлды ұл, қызды қыз қылып тәрбиелеу керек", - дейді психолог.

Сонымен бірге, Жанна Төремұратова жыныстық тәрбиені қай жастан бастау қажеттігіне де тоқталып өтті.

"Жыныстық тәрбиені нақты мынадай уақытта бастау керек деген қатып қалған қағида жоқ. Жаңа жоғарыда айтып өткенімдей, ерлі-зайыптылар құрсақтағы сәбиді ұлым, қызым деп тәрбиелеген күннен бастап, қыздарға қызыл, ұлдарға көк түсті киім таңдау, кейін өскен соң, әуретті жерлерін жауып жүру, оларды жынысына қарай бөлек әжетханаға баруын талап ету – міне осының бәрі жыныстық тәрбие болып табылады.

Жыныстық тәрбие керек емес деп жүрген көптеген сыншылардың өзі осындай әрекеттермен оны бастап кеткендіктерін тіпті білмей жатады. Негізгі мақсат болашақта тәрбиелі, тәртіпті ұрпақ тәрбиелеу", - деді маман.

Айта кетейік, бұған дейін танымал психолог еліміздегі көзге шөп салу салдарынан ажырасып кетіп жатқан жас отбасылар жайлы әңгіме қозғаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918102-erkekter-ul-tusa-eken-deidi-psixolog-balany-ul-qyz-dep-boletin-qazaqtarga-eskertu-zasady/

pixel