RU

Ақтөбе облысында үш жасар бала көлік ішінде жанып кетті: Оның 7 жастағы ағасы да көз жұмды

Аурухана
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбеде көлік өртеніп, 3 жасар баланың жанып кеткені туралы күні кеше хабарлаған болатынбыз. Бүгін қызыл жалын кезінде машинадан шығып үлгерген 7 жастағы баланың да көз жұмғаны белгілі болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қазaқпаратқа сілтеме жасап.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева бұл ақпаратты растап отыр.

Оның сөзінше, 2014 жылы туған бала денесінің 80 пайызын күйік шалып, Әйтеке би аудандық ауруханасына жеткізілген.

"Жансақтау бөлімінде ем жүргізілді. Медициналық авиациямен барған мамандар да көмек көрсетті. Өкінішке қарай, ем нәтижесі болмай, бала кеше түнгі 12-де көз жұмды. Оның тыныс алу жолдарын күйік шалған", - деді Айгүл Күштаева.

Еске сала кетсек, осыған дейін Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында ағайынды екі бала көліктің ішінде ойнап отырған сәтте темір тұлпар жанып кеткен еді.

Өртенген көліктен 7 жастағы бала шығып үлгерген. Ал ұш жасар бүлдіршін жалын ішінде қалды.

Айта кетейік, облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері өңірде 63 көлік жанып кеткен. Оның 15-і жүк, 44-і жеңіл көлік болса, біреуі автобус, біреуі теміржолда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918149-aqtobe-oblysynda-us-zasar-bala-kolik-isinde-zanyp-ketti-onyn-7-zastagy-agasy-da-koz-zumdy/