RU

Алматыдағы атышулы атыс: Полиция басшысы арнайы операцияның мән-жайын ашты

Орал
Көрнекі фото: NUR.KZ

2021 жылдың 24 сәуірінде "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінде күзетшінің аяғын жаралап, 17-қабаттан оқ жаудырған ер адамды ұстауға қатысқан "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері сол күні қан төкпей, күдіктіні тірі күйінде ұстау туралы тапсырма алды. Бұл туралы Алматы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов айтты деп жазады Sputnik Қазақстан.

Қанат Таймерденов "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінде күзетшінің жараланғаны туралы хабар түскен кезде оқиға орнына патрульдік полиция полкінің жасағы жіберілгенін атап өтті. Олар оқиға орнына барып, бұл жағдайды растаған.

Жедел басқару орталығының кезекшісіне оқ атқан ер адамның подъезге кіріп, өз пәтеріне тығылғаны баяндалыпты.

Оның сөзінше, еезекші барлық сақтық шарасын сақтауға және оқиға орнына "Арлан" арнайы жасағының келуін күтуге бұйрық берді.

"Осы жағдай туралы маған хабарлағаннан кейін арнайы жасақпен бірге жедел жұмыс жөніндегі орынбасарымды оқиға орнына жібердім. Сол жерге барған соң жағдайды толық баяндады, содан кейін тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылданды. Біз үшін тұрғындардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды болды. Тұрғын үй кешеніне Бостандық ауданы полиция басқармасының қызметкерлері, адамдарды эвакуациялауға қатысқан патрульдік полицияның қосымша экипаждары тартылды. Тұрғындар полицияның іс-әрекетіне асқан жауапкершілікпен қарағанын атап өткім келеді. Түсінбеушілік болған жоқ.

Сол жерде не болып жатқанын басынан бастап ішкі істер министріне баяндап отырдық. Мен сол жерге барғанымда қызметкерлер тәртіп сақшылары пәтер есігін қаққан кезде ішіндегі ер адамның жауап ретінде оларға оқ жаудырғанын хабарлады.

Дәл осы жерде прокуратура және басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге жедел штаб құрылды. Пәтер ішіндегі ер адамның жеке басы, оның немен айналысқаны, қалай өмір сүргені дереу анықталды. Сол себепті келіссөзге діни қызметкерді шақырдық. Ол да ер адамды көндіруге тырысты, алайда біраз уақыттан кейін ол пәтерден қайтадан оқ ата бастады. Мен де келіссөзге қатысып, оған мойынсұнуды ұсындым. Оған ешқандай қауіп төніп тұрмағанын түсіндіргенімде қайтадан оқ атты", - деді Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы.

Қанат Таймерденов содан кейін эвакуация аяқталып, тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрмағанын білген соң есікті бұзып, шабуыл жасап, оны ұстау туралы шешім қабылданғанын жасырмады.

"Айта кету керек, арнайы күштерге басынан бастап оны тірі күйінде ұстау туралы тапсырма берілді. Біз қан төгілгенін қаламадық. Әрине, оны атып тастауға болатын сәттер болды. Мергендер оны бірнеше рет көздеп отырды, бірақ ату туралы бұйрық алған жоқ. Себебі ешкімнің құрбан болғанын қаламадық.

Біздің қызметкерлер есікті ашқанда оның алдына жиһаздарды қойып, жолды бөгеп қойғаны белгілі болды. Бұл ішке ену сәтін баяулатты. Дәл сол сәт оған терезеден секіріп кету үшін жеткілікті болды", - деді ол.

Полиция департаменті басшысының сөзінше, тергеу барысында оның кейінгі кезде жиһазды бір жерден екінші жерге көшірумен айналысқаны белгілі болған. Көршілерінен пәтер иелері кооперативіне оның үнемі баспалдақ алаңына бірнеше диван, кресло қойғаны туралы шағым түскен. Жиһаз адамдарға кедергі келтірген. Дәл сол күні ПИК қызметкерлері келіп жиһаздарды баспалдақ алаңынан алып, басқа жерге қойған, дейді Қанат Таймерденов.

Оның сөзінше, осыған ер адам ашуланған. Қаруын алып, күзетшіге барып, ПИК қызметкерін шақыруын талап еткен. Ол дәл сол адаммен сөйлескісі келген. Күзетші шақырудан бас тартқан кезде жәбірленушінің аяғына оқ атыпты.

Одан бөлек, полиция департаментінің басшысы күдіктінің қандай қару қолданғанын да айтып берді.

"Ол BENELLI Vinci винчестер түріндегі тегіс ұңғылы қарудан атқан. Базада қару ұрланған деп көрсетіліп тұр. Дәлірек айтқанда, ол аң аулау кезінде жоғалған. Оның ресми иесі бар. Ол бізге ресми түсіндірме жазды. Ал оның ер адамның қолына қалай түскенін біз енді біле алмаймыз", - деді Қанат Таймерденов.

Сонымен қатар, полиция басшысы Ер адамның пәтерінен тыйым салынған ештеңе таппағанын жеткізді.

"Оқ-дәрілерге келетін болсақ, иә, олар көп болды. Мен оқиға орнына барған сәттен бастап 30-35 рет оқ атты. Басында санадық, кейіннен санынан жаңылдық. Ол терезеден секіріп кеткеннен кейін арнайы жасақ пәтерден 40 оқ тапты", - деді ол.

Қанат Таймерденов күдіктіні ұстау кезінде қандай қиындықтар кездескенін сөз етті.

"Әрине, біз барлығын есептедік, шабуылға дайындалған кезде арнайы бөлімше қызметкерлері барлық қауіпсіздік шарасын сақтады. Бізде оны қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жабдық бар. Қазір оның қолында мылтықтан басқа ештеңе болмағанын біліп отырмыз. Алайда дәл сол сәтте біз мұны білмедік. Бұған дейін айтқанымдай, оны тірі күйінде ұстау, содан кейін мән-жайды білу міндеті қойылды. Сол себепті шабуыл кезінде өлімге әкелмейтін қару қолдандық. Біз дайын болмаған жалғыз нәрсе – оның пәтер ішіне жиһаздан тосқауыл қоюы. Бір диванды алып тастасаң, екіншісі шығады, солай кете береді. Әр бөлменің кіреберісіне солай қойған. Ол сол уақытта да оқ атты. Дәл сол сәтте жігіттер біраз кідіріп, суицидтің алдын алуға үлгермеді", деді ол.

Еске сала кетсек, 24 сәуірде "Бұқар жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінің тұрғыны күзетшінің аяғынан атып, кейін пәтерінде жасырынып қалған болатын.

Бұл жайттан соң полиция күдіктіні тұтқындау операциясын ұйымдастырып, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарады. Ал оқ атушы азамат полицейлермен келіссөз жүргізуден бас тартып, қолындағы қарумен бірге 17-қабаттағы пәтердің терезесінен секіріп кетті.

Кейін марқұм жайлы "Бұқар жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінің тұрғындары айтып берген еді.

Олардың сөзінше, марқұм дивандарды қайта қалпына келтіріп, сатумен айналысқан. Ал сол күні күзетші мен марқұм арасындағы жанжал дәл осы диванға байланысты туындаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918197-almatydagy-atysuly-atys-policiya-bassysy-arnaiy-operaciyanyn-man-zaiyn-asty/