RU

Келісі 850 теңге: Ақтаудағы сәбіз бағасына қатысты Маңғыстау әкімдігі мәлімдеме жасады

Сәбіз
Көрнекі фото: pixabay.com

Kaz Fruit Company компаниясының бас директоры Замин Сафаров сәбіздің бағасына қатысты мәлімдеме жасады. Видеоны Маңғыстау облысы әкімдігінің Instagram парақшасы жария еткен. Бас директордың сөзінше, қазір қалада сәбіздің келісі 800 теңгеден сатылып жатыр деген ақпарат жалған.

Сафаровтың сөзінше, дүкен сөрелерінде сәбіздің бағасы келісіне 90 теңгеден басталады. Ол дүкендерде сәбіз ассортименті жоғары екенін, ал бағасы өндіруші елге байланысты екенін түсіндірді.

"Ақтауда сәбіз 800 теңге тұрады деген ақпарат жалған. Біздің кәсіпорында сәбіздің бірнеше түрі бар. Әлеуметтік маңызы бар, тұрғындардың басым көпшілігі тұтынатын сәбіз 185 теңге тұрады. Сондай-ақ 90 теңге тұратын сәбіз де бар. Премиум санаттағы сәбіз де бар. Оның бағасы 450 теңгеден басталады. Мен Израильден тасымалдайтын сәбіз 745 теңге тұрады. Оның өз бағасы 700 теңгеге шығады", - дейді Kaz Fruit Company бас директоры.

Оның сөзінше, қымбат сәбіздің бұл санаты аз мөлшерде сатылады және тұтынушылары бар.

Сафаров сәбіздің негізгі түрі 185 теңгеден сатылып жатқанын айта кетті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтау дүкендеріндегі сәбіздің бағасы қайдан келгені мен сапасына байланысты 535 теңгеден 850 теңгеге дейін сатылып жатқанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918265-aqtaudagy-sabiz-bagasyna-bailanysty-mangystau-akimdigi-malimdeme-zasady/