RU

"Тағы да қашып кетуге тырысқан": Қызылордада 2018 жылдан бері іздеуде жүрген күдікті ұсталды (видео)

Кадр
Видеодан кадр: Polisia.kz

Қызылорда облысында 2018 жылдан бері іздеуде болған күдікті қолға түсті. 34 жастағы ер адам кісі өлтірді деп айыпталып отыр. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, 2018 жылдың күзінде Қызылорда қаласынындағы Яссауи мен Бөкей хан көшелерінің қиылысында, "Гелиос" жанармай бекетіне қарама-қарсы тұста өзінің Toyota Land Cruiser Prado автокөлігінен елорда тұрғынының денесі табылған.

Оны кеуде тұсынан екі рет атып өлтірген екен.

Сол жылдың 5 желтоқсанында Қызылорда қаласының тұрғыны аталған кісі өліміне күдікті деп танылған, полиция оның жеке басын да анықтаған.

Дегенмен ол ізін суытып үлгерген. Осыдан кейін күдіктіге халықаралық іздеу жарияланып, сот оған қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдаған.

Құқық қорғау органдары қажетті арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген.

Нәтижесінде Қызылорда облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері іздеуде жүрген күдіктіні өңір орталығындағы туысының үйінде ұстаған.

Қолға түскен уақытта ол тағы да қашып кетуге тырысып, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Санкт-Петербургта алаяқтық жасады деген күдікпен 33 жастағы Қазақстан азаматы ұсталғаны хабарланған еді.

Қазақстан азаматы екі жыл бойы іздеуде болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918376-tagy-da-qasyp-ketuge-tyrysqan-qyzylordada-2018-zyldan-beri-izdeude-zurgen-kudikti-ustaldy-video/