RU

Қазақстанда 2 719 987 адам КВИ-ге қарсы вакцина салдырды

Екпе
Көрнекі сурет: NUR.KZ / Петр Карандашов

Қазақстанда 19 маусымдағы мәлімет бойынша, коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 2 719 987 адам салдырды.

Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасында хабарланды. Сондай-ақ коронавирус инфециясына қарсы вакцинаның екінші компонентін елде 1 625 866 адам салдырды.

Еске салсақ, денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қатысты соңғы мәліметтерді жария еткен болатын. Оған сәйкес, өткен тәулікте 1148 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталған. Олардың 367-сі Нұр-Сұлтан қаласынан.

Айта кеткен жөн, Таразда коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCoVac-P вакцинасын сынақтан өткізу басталды. Оған 44 ерікті қатысады.

Еріктілерге 200 мың теңге мөлшерінде сыйақы төленеді.

Ғалымдардың айтуынша, егер бәрі сәтті өтсе, сынақтың екінші фазасы басталады. Оған 200 адам қатысады.

QazCoVac-P – Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеген екінші вакцина.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау вице-министрі коронавирусқа қарсы вакцина ақылы болуы мүмкін деген мәліметке түсініктеме берген еді.

БАҚ өкілдері халық арасында қазір коронавирусқа қарсы тегін вакцина салдырмаса, кейінірек екпені ақылы түрде салдыруға тура келетіні туралы қауесет тарап жатқанын айтты.

"Бұл жалған ақпарат. Вакцинация тегін, ерікті түрде жасалады", – дейді денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918464-qazaqstanda-2-719-987-adam-kvi-ge-qarsy-vakcina-saldyrdy/