RU

Алматы облысында жантүршігерлік жол апатынан жеті адам мерт болды

Жол апаты
Фото: Әлеуметтік желілер

Алматы облысында көлік апатынан жеті адам мерт болды. Жантүршігерлік жағдай "Алматы-Көкпек-Көктал" тасжолында болған деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"19 маусым күні сағат 18:45 шамасында "Алматы-Көкпек-Көктал" тасжолының 134-шақырымында жол апаты болды. Байсейіт ауылының маңында Toyota Rav-4 және Audi C4 көліктері соқтығысқан. Салдарынан екі көліктің де жүргізушісі және үш жолаушысы оқиға орнында жан тапсырды. Тағы екі адам Шелек ауылындағы ауруханада көз жұмды.

Қаза болғандар арасында 16, 13, 8 жастағы балалар мен 4 айлық сәби бар. Тағы үш жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік апатына не себеп болғаны тергеу барысында анықталады", - делінген Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми берген хабарламасында.

Жол апаты
Фото: Әлеуметтік желі

Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысында автобустың қатысуымен болған апаттан үш адам қайтыс болғанын жазған едік. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы 18 маусымда сағат 16.00 шамасында Доссор-Құлсары тас жолында болған.

"Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол ережелерін бұзу әрекеті) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – деп хабарлады Атырау облысының полиция департаменті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918521-almaty-oblysynda-zantursigerlik-zol-apatynan-zeti-adam-mert-boldy/