RU

"Махаббатизм басталады": Маңғыстаулық экс-шенеунік шулы видеосы үшін кешірім сұрады

Қуанышбеков
Кадр: YouTube / inAktau.kz

Бұрынғы Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Бақтияр Қуанышбеков қызметінен айырылуына себеп болған видео үшін кешірім сұрап, жаңа видео-хабарлама жариялады.

"ИнАктау" сайтының хабарлауынша, Қуанышбеков әйел бастықтармен қалай тіл табысуға болатындығы туралы пікірімен бөлісе отырып, екі басқарма басшыларының ар-намысы мен қадір-қасиетіне кір келтіргені үшін көпшілік алдында кешірім сұрады.

"Желіде таралған видеоларға қатысты кешірім сұрағым келеді. Мен басқармалардың басшыларынан кешірім сұраймын, өйткені арамызда сыйлықтар ұсыну туралы ешқандай келісім болған жоқ. Сонымен қатар облыс әкімінен кешірім сұраймын", - деді бұрынғы шенеунік.

Еске салайық, жақында Қуанышбековтің видеосы желіде резонанс тудырған болатын. Ол видеода "махаббатизм" пайда болуы үшін әйел басшыларға духи сыйға тарту керек екендігі туралы айтқан.

Айта кетсек, қоғамдық резонанс туғызған видеодан кейін кешірім сұрау жағдайы бұған дейін Арқалықта да болған еді. Жол талғамайтын көлікті тізгіндеген жасөспірімнің видеосы көпшіліктің талқысына түсіп, ақыры жасөспірімнің әкесі қазақстандықтардан кешірім сұраған.

Белгілі болғандай, көлікті полицейлер тоқтатпақ болған. Алайда жолаушылар орындығында нұсқау беріп отырған әкесі оған тәртіп сақшыларынан қалай қашып кету керектігін үйреткен. Mitsubishi Pajero көлігінде отырғандар заңды талапқа бағынбағандықтан, полицейлер көліктің дөңгелегіне оқ атуға мәжбүр болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918583-maxabbatizm-bastalady-mangystaulyq-eks-seneunik-suly-videosy-usin-kesirim-surady/