RU

Атырау өзендерінің бірінде екі қыз суға батып кете жаздады

Суға бату
Көрнекі сурет: pixabay.com

Атырауда өзенге батып кетуге сәл-ақ қалған екі жасөспірім қыз құтқарылды. Бұл туралы Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Қоғаммен байланыс тобы Facebook парақшасында жария етті.

Департамент ақпаратына сәйкес, биылғы жылы жазғы шомылу маусымы ресми турде ашылмаса да, тұрғындардың Жайық өзеніне барып, суға түсу жағдайлары болып жатыр.

Мұндай жағдайларда ең қауіптісі - балалар мен жасөспірімдердің су айдындарында шомылуы дейді департаментте. Құзырлы мекеме осы орайда жақында болған оқыс жағдайды назарға ұсынды.

"19 маусым күні күнделікті рейд кезінде 16 сағат 45 минут шамасында Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары М.Шуленов пен Т.Избулов "Атырау" мәдени сауықтыру кешені аумағындағы жазғы жағажайда белгіленген аймақтан асып, өз қабілеттеріне қарамай суға түсу кезінде суға батып бара жатқан жерінен екі қыз баланы құтқарып қалды.

Құтқарылған 2007 жылы туған А.Х. және З.С. судан шығарылған соң дәрігерлік көмекті қажет етпеді. Жергілікті полиция қызметкерлерімен жасөспірімдердің ата-аналары шақырылып, профилактикалық әңгімелесу жүргізілді", - делінген департамент жазбасында.

Атырау қалалық әкімдігінің мәліметінше, қаламызда алты жағажай өз жұмысын бастайды. Алайда, алты жағажайдың ішінде стандарттық талаптарға сай келетін Тұрғын үй қалашығы, жаяу жүргіншілер көпірінің астында орналасқан жағажай болып отыр екен.

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Қоғаммен байланыс тобы тұрғындарды шомылу кезінде аса сақ болуға шақырды.

"Құрметті Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары! Су айдындарында шомылу кезінде аса сақ болыңыздар! Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің суда шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауын бақылаңыздар! Су-қателікті кешірмейді", - деп жазды департамент желі парақшасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918627-atyrau-ozenderinin-birinde-eki-qyz-suga-batyp-kete-zazdady/