RU

"Мектептерді қайта аша алмаймыз": Көлгінов астаналықтарға коронавирусқа байланысты үндеу жасады

Дәрігер
Фото: instagram.com/altay_kulginov_official

Елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram-дағы парақшасында астаналықтарға үндеу жасады. Әкім Нұр-Сұлтанның әлі де "қызыл" аймақта екенін еске салып, қала тұрғындарын COVID-19-қа қарсы вакцина салдыруға шақырды.

Көлгіновтің айтуынша, елордада тәулігіне 250-300 коронавирус инфекциясы анықталады.

"Бір жағынан, бұл ПТР тестілерінің санын көбейту арқылы, екінші жағынан, оқшаулау мен санитарлық нормалардың бұзылуынан болып отыр. Ashyq жобасы арқылы карантин талаптарының өрескел бұзылғанын көріп отырмыз. Өзін-өзі оқшаулауы тиіс (байланыста болған, жұқтырған) азаматтар бар, бірақ олар адам көп жиналатын орындарға баруын тоқтатар емес. Осылайша, коронавирустың таралуына әсер етіп жатыр. Мұндай адамгершілікке жатпайтын бұзушылықтарды тоқтатып, жолын кесеміз!", – деп мәлімдеді әкім.

Ол сонымен қатар коронавирус туралы статистикаға бей-жай қарамауға шақырды, өйткені "әрбір санның артында бір адамның өмірі, олардың отбасыларының тағдыры тұр".

"Медициналық рұқсаты жоқ және әлі вакцинацияланбаған адамдар отпен ойнап жүргенін білмейді: олар ерте ме, кеш пе жеңіледі. Бұл ретте өз денсаулығын ғана емес, туыстарына, жақындарына және қоршаған ортаға қауіп төндіреді!

Былтыр, яғни жағдай бұдан да ауыр кезде санитарлық нормаларды сақтаудан басқа амалымыз болмаған еді, ал 2021 жылдың басынан бастап вакцинация басталды! Вакцинация пункттері медициналық мекемелерде, сондай-ақ қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін СОО, СҮ және адам көп жиналатын басқа да орындарда ашылды. Вакцинация бәріне тегін жүргізіледі. Оның бірнеше түрі бар", – деп еске салды қала басшысы.

Көлгінов көрші елдерде эпидемиологиялық ахуалдың айтарлықтай нашарлай бастағанына, вирустың жаңа штамдары пайда болатынына, қосымша шектеу шаралары енгізіліп жатқандығына назар аударды.

Шырқау шегіне жеткен кезеңде Нұр-Сұлтанда 4000 төсек орналастырылды, 8000-нан астам медицина қызметкерлері медициналық мекемелерде тоқтаусыз жұмыс істеді, деп еске алды елорда әкімі.

Қазір оның айтуынша, мыңға жуық азамат елордадағы ауруханаларда емделуде, төсек сыйымдылығы 50%-ға жетті.

"Қаламызға қосымша шектеулер енгізгіміз келмейді. Бұл қала экономикасына, тұрғындардың әл-ауқатына әсер етеді. Сонымен қатар, күзде жаңа оқу жылы басталады. Бірақ балаларымыз үшін мектептерді қайта аша алмаймыз", – деп түйіндеді Алтай Көлгінов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918679-mektepterdi-qaita-asa-almaimyz-kolginov-astanalyqtarga-koronavirusqa-bailanysty-undeu-zasady/