RU

"Менің ойымша ол қызметін жақсы атқарды": Біртанов "СҚ-Фармация" экс-басшысының ісі бойынша куәгер болды

Елжан Біртанов
Елжан Біртанов. Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

"СҚ-Фармацияның" бұрынғы төрағасы Берік Шәріп өткен жылдың көктемінде коронавирус пандемиясы өршіп тұрған шақта бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен өзінің қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкіндігі туралы күдігімен бөліскен. Бұл туралы Біртанов елордадағы Есіл сотында куәгер ретінде берген жауабында мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Экс-министрдің айтуынша, Қазақстандағы фармацевтикалық нарық аса күрделі және кейде тым қауіпті.

Бәсекелестік жағдайында кейбір компаниялардың "қорқынышты қадамдарға баруы және қатаңдық танытуы" жиі кездеседі. Бұл күресте денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері мен "СҚ-Фармация" зардап шегеді. Себебі тендерде жеңіліс тапқан бизнесмендер конкурс кезінде заң бұзушылық болды деп шағымданады.

Біртанов Шәріптен мемлекеттік сатып алулар процесін ашық әрі заң аясында ұйымдастыруды талап еткен.

"Берік Шәріпұлы – сауатты кәсіби басқарушы. Ол күрделі жағдайға тап болды. Ол кейде бұл қызметтен кеткісі келетін. Ол кезде мен "Сонда мұнымен кім айналысады?" дейтінмін. Менің ойымша ол қызметін жақсы атқарды. Мен коронавирус кезінде онымен және басқа да азаматтармен өзіміздің аса жауапты шешімдер қабылдап жатқанымызбен құжат жүзіндегі рұқсаттар бар шаруаны тежеп тұрғаны жайлы сөйлестім.
Мен "Жігіттер, шешім қабылдау керекпіз, президент осы жайлы айтып жатыр" дейтінмін. Сонда Берік "Кейін тергеудің астында қалуымыз мүмкін" деп айтты. Ал мен мұндай болмайды деп сендірдім. Өкінішке қарай менің айтқаным келмеді. Осыған қатысты өкініш білдіремін", - дейді Елжан Біртанов сотта.

Сонымен қатар, бұрынғы министр сыбайлас жемқорлық, пара алу немесе пара беру бойынша Берік Шәріпке қатысты ешқашан ешқандай шағым түспегенін атап өтті. 2018-2019 жылдары жүргізілген тексеру кезінде бірде-бір заң бұзушылық анықталмаған.

Айта кетейік, бұған дейін Біртанов қорғаныс костюмдерін Қазақстанға жеткізудің мерзімі кешіктірілуіне "СҚ-Фармация" мекемесінің экс-басшысы кінәлі емес екенін айтқан еді. Себебі Қазақстан қорғаныш құралдарын жеткізу туралы келісімшарт жасаған Қытайдың экспорт саясатында өзгерістер енгізілуімен байланысты өткен жылы көктемде форс-мажорлық жағдай туындаған.

Еске сала кетсек, "СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысы Берік Шәріп 2020 жылдың тамызында қамауға алынды.

Берік Шәріпке қатысты іс қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы "Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың ауыр салдарға алып келуі", сондай-ақ 287-баптың 2-бөлімі "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бойынша қаралып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918701-ogan-ote-qiyn-boldy-birtanov-sotta-sq-farmaciyanyn-eks-bassysy-berik-saripke-qoldau-korsetti/