RU

"Қызметіне қарамай құрмет көрсететін": Ақтөбелік ұстаздар жол апатынан қаза болған мектеп директорларын еске алды

Альмира Орақова11
Альмира Орақова. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде жол апатынан қаза тапқан №20 мектеп директоры Бағдат Орынбаева мен №33 мектеп директоры Альмира Орақованы әріптестері еске алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қимастықпен қоштасқан әріптестері мен ата-аналар мектеп алдына гүл шоқтарын қоюда.

Марқұм 48 жастағы Бағдат Орынбаева қаладағы мақтаулы білім ошақтарының бірін 6 жыл басқарған. Әр жылдары қалалық білім бөлімінде, департаменттерде жауапты қызметтерде болған. Марқұмның артында екі қызы қалды.

"Бағдат Айсұлтанқызымен бірге алты жылдан аса жұмыс істедік. Осы уақыт ішінде ренжісіп көрген емеспіз. Талап қоя алатын, жауапкершілігі мол, мейірімді жан еді. Адамдарға қызметіне қарамай құрмет көрсететін. Жол апатына түскен көлік Бағдат Айсұлтанқызынікі. Ол өзі көлікті асықпай жүргізетін", - дейді № 20 мектебінің қызметкері Рысты Құлманбетова.

Марқұм Альмира Орақова да өмірін бала тәрбиесіне арнаған маман болған. Педагогика және психология магистрі қаладағы бірнеше колледжді басқарып, 4 жыл бұрын ғана №33 мектепке директор болып тағайындалған екен.

"Альмира Шахарбекқызы талапшыл, әділ, білікті, шаруашылыққа тиянақты маман бола білді. Әріптестеріне жанашыр еді. Қимаймыз", - дейді № 33 мектеп қызметкері Оразбай Ұлқабай.

Бағдат Орынбаева 11
Бағдат Орынбаева. Фото: KAZ.NUR.KZ

Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, қаза болған мектеп директорлары Ойыл ауданындағы әулие атаның басына барған. Қайғылы оқиға ауданнан қайтар жолда болған.

"Өте ауыр жағдай болды. Әріптестеріміздің білім саласына атқарған еңбектері зор. Қаншама болашақ ұрпақтың өмір жолын таңдауға көмектесті. Олар демалыс күні жеке шаруасымен шыққан. Қазір тергеу жүріп жатыр. Әзірге бізге келген ақпарат бойынша, Ойылдағы қасиетті әулие атаның басына барған. Хабар жеткеннен бастап барлық тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Бүгін қонақасы, ертең жаназсы",- дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбеде мектеп директорлары отырған көлік жол апатына түскенін жазған болатынбыз.

Оқиға 19 маусым күні сағат 20:20-да Қобда-Ойыл автожолының 156 шақырымында болған.

Көліктегілер – Ақтөбедегі төрт мектептің директорлары. Жол талғамайтын көлік №20 мектеп-лицейдің басшысы, марқұм Бағдат Орынбаевағ тиесілі болған. Болжам бойынша бірақ рөлде әріптесі Альмира Орақова отырған. Екеуі де оқиға орнында қаза болды.

Ал қазір аудандық ауруханада жатқан қалған екі директордың жағдайы қалыпты.

Ал көлік апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918703-olar-biz-usin-tek-ariptes-qana-emes-aqtobelik-ustazdar-zol-apatynan-qaza-bolgan-mektep-bassylaryn-eske-aldy/