RU

Мектеп директорлары көз жұмған апаттан аман қалған екі адамға қатысты дерек шықты

Аурухана1
Көрнекі фото: pexels.com

Ақтөбе облысында көлік апатынан аман қалған екі мектеп директорын облыстық ауруханаға жеткізуі мүмкін. Басынан жарақат алып сүйектері сынған оларды дәрігерлер тексерген соң ғана тасымалға қатысты шешім қабылдайтын болды деп хабарлайды КТК телеарнасы.

19 маусым күні Ақтөбедегі төрт мектептің басшысы мінген көлік аударылып екі адам қаза тапқан еді. Олар Ойылдан облыс орталығына қайтып келе жатқан.

Телеарнаның мәліметінше, Ақтөбедегі №20 мектеп пен №33 мектептің кіреберісіне қаралы бұрыш ұйымдастырылған. Көлік апатынан қаза тапқан қос білім ошағы басшысының суреті тұрған тұсқа әріптестері мен оқушылар гүл шоғын қойып жатыр.

Бағдат Орынбаева мен Альмира Орақованың демалыс күні Ойылға кетіп қайта оралмағанына жақындары сенер емес. 22 маусымда ұстаздарды ақтық сапарға шығарып салады.

"Бұл кісінің қазасы барлық облыс білім саласында істейтін қызметкерлергн орны толмас ауыр қайғы болды. Енді Алланың ісіне шара жоқ. Қазақпыз ғой, көппен бітетін шаруа. Қаза дейтін өте ауыр шаруа. Бар көмегімізді беріп, ақтық сапарға шығарып салуға атсалысып жатырмыз", - дейді №33 мектептің мұғалімі Оразбай, Жәдігерұлы.

Сонымен бірге облыстық денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға жеткізілгендердің жағдайы туралы ақпарат берді.

"Жол апатында екі адам қаза болды. Екі адам Ойыл ауданы ауруханасына жеткізілген болатын. Біреуінің жағдайы  орташа ауырлықта, ол қалаға жеткізіледі. Енді ауыр жағдайдағы науқасты барып қарау керек", - дейді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Аман қалған өзге екі директордың бірінің жамбасы мен қабырға, жақ сүйегі сынған. Халі ауыр. Дәрігерлердің сөзінше, тасымалға жарайтын болса, облыс орталығына жеткізеді.

"Тергеу жүргізіліп жатыр. Әзірге бізге келген ақпарат: Ойылда қасиетті әулие атаның басына барған. Білім саласына сіңірген ңбегі зор. Қаншама оқушыларымызды, болашақ ұрпақ тәрбиелеп, өмір жолын таңдауға үлкен үлес қосқан азаматтар", - дейді Ақтөбе қаласы білім бөлімінің басшысы Метгүл Қосымбаева.

Бағдат Айсұлтанқызының артында екі баласы қалса, Альмира Шахарбекқызы тұрмыс құрмаған.

Дереккөз: КТК телеарнасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918793-mektep-direktorlary-koz-zumgan-apattan-aman-qalgan-eki-adamga-qatysty-derek-syqty/