RU

Коронавирус: Алматы "сары" аймаққа өтті

Коронавирус
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы қаласы коронавирустың таралуы бойынша "жасыл" аймақтан "сары" аймаққа өтті. Жаңартылған эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы СOVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК telegram арнасында пайда болды.

2021 жылғы 22 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес:

  • "Қызыл" аймақта Нұр-Сұлтан қаласы;
  • "Сары" аймақта Шымкент және Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары;
  • "Жасыл" аймақта: Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары тұр.

Еске сала кетейік, өткен тәулікте 943 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР арқылы расталып, ауырғаны белгілі болды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 410523 адамды құрап отыр.

Айта кетсек, бұған дейін денсаулық сақтау вице-министрі коронавирусқа қарсы вакцина ақылы болуы мүмкін деген мәліметке түсініктеме бергенін жазған едік. БАҚ өкілдері халық арасында қазір коронавирусқа қарсы тегін вакцина салдырмаса, кейінірек екпені ақылы түрде салдыруға тура келетіні туралы қауесет тарап жатқанын айтты.

"Бұл жалған ақпарат. Вакцинация тегін, ерікті түрде жасалады", – дейді денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.

Одан бөлек, Қазақстанда 19 маусымдағы мәлімет бойынша, коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 2 719 987 адам салдырғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918803-koronavirus-almaty-sary-aimaqqa-otti/