RU

Елімізде картоп бағасының өсуіне жол бермеу үшін қандай қадамдар жасалмақ

картоп 132
Көрнекі фото: pixabay.com

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов онлайн режимде халық алдында есеп беруі кезінде алдағы уақытта картоп бағасының өсуіне жол бермеу үшін қандай қадамдар жасалатынын айтты деп хабарлайды Қазақпарат.

Бақыт Сұлтанов бұл мәселеде мемлекеттік әрі жергілікті атқарушы органдар, бизнес қоғамдастық, сондай-ақ фермерлер өзара іс-қимылда жұмыс істесе, нақты нәтиже болатынын жеткізді.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта бұл қоғам мен бизнесті алаңдатып отырған өзекті мәселе.

Әсіресе, әлеуметтік желілерде сын айтылып жатыр, дейді министр.

"Бірақ нарықта қалыптасқан бұл жағдай ұсыныс пен сұраныс теңгерімінің және өңірлер арасындағы көкөніс өнімдері бойынша сауда қатынастарының үзілуіне байланысты туындап отыр. Мұндай жағдайды бізде ғана емес, көршілес елдерде де көріп отырмыз", - деді Бақыт Сұлтанов.

Министр Ресейде сұраныс артып отырғанын жасырған жоқ. Сондықтан елімізде картоп бағасының шарықтауына жол бермес үшін тиісті ақпараттық жүйелердің мүмкіндігі назарға алынады екен.

Бұл жағынан экспорттық сұраныс пен импорттық мүмкіншіліктерді қарап отыру керек, деді ол.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Мысырдан, Пәкістаннан және басқа елдерден алып келсек, бұл қымбат көкөністер жалпы бағаның көрсеткіштерін көтеріп тұрады екен.

"Осы орайда көршілес елдермен бірлесе бұл проблеманы шешуге тырысатын боламыз. Өзбекстанда да көкөніс бағасы едәуір көтеріліп отыр. Сонымен қатар, етке сұраныс болғаннан кейін, былтыр біздегі еттің экспорты едәуір өсті. Бұл өз кезегінде ішкі нарықта бағаға әсерін тигізетіні анық", - деді сауда және интеграция министрі.

Бақыт Сұлтанов бұл мәселеде мемлекеттік әрі жергілікті атқарушы органдар, бизнес қоғамдастық, сондай-ақ фермерлер өзара іс-қимылда жұмыс істесе, нақты нәтиже болады деп пайымдайды. Оның сөзінше, сонда ғана өнім бағасы күрт көтерілмейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918859-elimizde-kartop-bagasynyn-osuine-zol-bermeu-usin-ne-isteletini-belgili-boldy/