RU

Асқар Мамин коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

Асқар Мамин
Фото: primeminister.kz

Еліміздің премьер-министрі Асқар Мамин коронавирусқа қарсы вакцина салдырды деп хабарлайды үкімет басшысының ресми сайты.

Ресми ақпараттық ресурс ұсынған мәліметке сәйкес, Асқар Мамин 21 маусымда жұмыс күні аяқталғаннан кейін коронавирусқа қарсы вакцина салдырған.

Үкімет басшысы Қарағанды фармацевтикалық зауытында шығарылған "Спутник V" вакцинасын салдыруды ұйғарыпты.

"Асқар Маминның вакциналаудан кейінгі жағдайы жақсы, ешқандай жанама әсерлері болған жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстанда 2,8 млн-нан астам адам бірінші компонентті, 1,7 млн-нан астам адам екінші компонентті алды", - деп жазды премьер-министрдің ресми сайты.

Еске салсақ, бұған дейін Асқар Мамин коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізіп, елордада санитарлық талаптарды күшейтуді тапсырған еді.

Оның сөзінше, Нұр-Сұлтан қаласы әлі "қызыл" аймақта коронавирус жұқтырғандар саны азаймай тұр.

Елордада аурудың күрт өсімі тіркеліп жатқанын қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова да растап отыр.

Оның айтуынша, 54 науқастан алынған сынаманың алдын ала талдауы олардың 56 пайызы "үнді" штамын жұқтыруы мүмкін екенін көрсетіп отыр.

Сархат Бейсенова мутацияның жаңа түрі ең қауіпті екенін адамның иммунитетіне қатты әсер ететінін айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918885-premer-ministr-asqar-mamin-koronavirusqa-qarsy-vakcina-saldyrdy/