Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тест тапсыру үшін 500 шақырым жүретінбіз": ШҚО-дағы шалғай ауданның бас дәрігері қуанышымен бөлісті

Опубликовано:

Баубек Әбілқасымов, бас дәрігер
Баубек Әбілқасымов, бас дәрігер: жеке мұрағат

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында ПТР сынама тапсыратын зертхана ашылды. Бұған дейін қауіпті вирустың бар-жоғын анықтау үшін алыс ауылдағы халық 500-550 шақырымды артқа тастауға мәжбүр болған. Өйткені, ПТР тест тапсыратын зертханалар тек қана Семей мен Өскемен қалаларында орналасқан. Осы орайда, пандемия кезінде үлкен сыйға ие болған аудандық аурухана басшысы KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат беріп, қуанышты жаңалығымен бөлісті.

«Шыны керек, коронавирусты инфекция өршіп тұрғанда біз үшін мұндай зертхана ауадай қажет еді. Өйткені, бұл дертпен жалғыз Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем күресіп жатыр. Бұған дейінгі жағдайымызды айтып жеткізудің өзі қиын. Біздің аудан облыс орталығынан тым алыста жатыр. Қалаға барып тест тапсыру үшін тұрғындар бір ғана бағыт үшін 500-550 шақырым жүруге мәжбүр болды!

Ал ауданның арғы жағындағы ауыл-аймақтар коронавирус кезінде тест тапсыру үшін 700-800 шақырым жолды жүріп өтуі керек!

Әрине, бұл ауылдағы қарапайым халық үшін оңай емес. Өте қиын! Тест тапсыру үшін оны жинақтап, материалды бір күн бойы жолда ұстаймыз. Оның жауабы келгенше бірнеше күн өтеді. Ақыр аяғында, тесттің нәтижесі келгенше ауруынан жазылып кеткен тұрғындар болды.

Сондықтан, дерт қыспаққа алған кезде халықты әрі-бері сабылтып қоюды жөн санамай, тезірек ауданымызда зертхана ашуды қолға алдық. Биылғы жылдың 2 маусымында зертхана ашылды. Бүгінде күніне 300-400 сынамаға дейін қабылдай аламыз. Бар жоғы бес сағаттың ішінде нәтиже дайын болады», - дейді аудандағы бас дәрігер Баубек Абылқасымов.

Бас дәрігердің айтуынша, бүгінде аймақтағы ахуал тұрақты.

«Былтыр пандемия басталып, карантин шаралары күшейтілген кезде біз барлық қауіпсіздік шараларын сақтадық. Нәтижесінде, былтыр 31 адам, биыл 7 адам ғана коронавиурсты инфекция жұқтырды. Бір адам қайтыс болды, бірақ ол маған қарайтын медициналық бірлестікте емес. Жасыл аймақтан шықпау үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Барлық медицина қызметкерлері кәсіби шеберлігінің және қауіпсіздік шараларын толық сақтауының арқасында өздері де ауырмай, халықты да дер кезінде емдеп алды», - дейді Абылқасымов.

Баубек Шайзадаұлының Үржар аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметіне кіріскеніне 3 жылдан енді ғана асты. Осы аралықта ол 60 жылдан бері жөндеу көрмеген жұқпалы аурулар бөлімін заманауи қалыпқа келтіріп, науқастардың таза әрі жылы жерде емделуіне себепкер болған.

«Жұқпалы аурулар бөлімі 1960 жылдан бері жөндеу көрмеген екен. Мұндағы антисанитарияны, қажетті жабдықтардың жоқтығы туралы айтып жеткізу мүмкін емес. Тез арада осыны қолға алып, 30 науқас қабылдай алатын бөлімді адам танымастай етіп өзгерттік. Коронавирусты инфекция өршіген кезде осының бәрі пайдаға асты. Үш қабатты емхана да күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір барлығы да іште, қолжетімді. Интернет желісі тартылды, ыстық су, салқын су, қажетті жиһаздармен толық қамтамасыз етілген. ИВЛ аппараттары да бар.

Кислородты станция бір мезгілде 50 ИВЛ аппаратын қосуға мүмкіндік береді. Компьютерлік томография да осында. Жаңа зертханада 60 түрі анализ жасалынады. Одан бөлек, дәрігерлік амбулаториялар,фельдшерлік акушерлік пункттер заманауи күрделі жөндеуден өтті. Толықтай медициналық құрал жабдықпен қамтамасыз еттік. Шалғайда жатсақ да, барлық шараларды сақтап, вирусты жеңу үшін бір адамдай күш салып жатырмыз. Кадр тапшылығы да азайды. Бірқатар дәрігерлеріміз мемлекеттік наградаларға ие болды», - дейді бас дәрігер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918904-test-tapsyru-usin-500-saqyrym-zuretinbiz-sqo-dagy-salgai-audannyn-bas-darigeri-quanysymen-bolisti/

pixel