RU

Елордада соңғы аптада коронавируспен ауырғандар саны 43 пайызға өскен

дәрігерлер
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен және денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың қатысуымен ел аумағында COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның көшпелі отырысы өтті. Онда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша эпидемиологиялық ахуал сөз болды деп хабарлайды primeminister.kz.

ДСМ мәліметінше, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болып тұр. Соңғы аптада коронавируспен ауырғандар саны 43 пайызға өскен.

Одан бөлек, төсек-орын жүктемесінің артқандығы және емдеуге жатқызылатын науқастар санының ұлғаю байқалып отыр екен.

Сонымен қатар, кеңесте денсаулық сақтау министрлігі қала емханаларында эпидемияға қарсы режимнің бұзылғандығын, коронавирус жұқтырған науқастарға медициналық көмектің уақытылы көрсетілмейтіндігі мен сапасыздығын, сондай-ақ мониторингтік топтардың жұмысының бәсеңдегені, халықты вакциналау бойынша белсенді жұмыстың жеткіліксіздігін атап өтті.

Биылғы мамыр айында елорда бойынша халықты коронавирусқа қарсы иммундау көрсеткіші  сәуір айымен салыстырғанда 50%-ға төмендеген.

Барлық анықталған кемшіліктер бойынша Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне бір апта ішінде эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін оларды жою бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды.

Бұл мәселе ВАК-тың тұрақты бақылауында болады.

Айта кетесек, өткен тәулікте елімізде 1248 адамнан коронавирус анықталған. Олардың 413-і Нұр-Сұлтан қаласынан.

Одан бөлек, елордада коронавирус жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты қосымша тексеріс жүргізу мақсатында 54 науқастан сынама алынған еді. Олардың 56 пайызында алдын ала "үнді" штамы расталып ("Дельта" штамы) отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918979-elordada-songy-aptada-koronaviruspen-auyrgandar-sany-43-paiyzga-osken/