RU

Түркістан облысында тауда жоғалған туристер өлімі бойынша болжамдар жарияланды

Тау
Көрнекі фото: Pixabay.com

Түркістан облысындағы "Сайрам-Өгем" шатқалында із-түзсіз жоғалып, кейіннен денелері табылған төрт туристің өліміне қатысты алғашқы болжамдар айтылды деп хабарлайды Қазақпарат.

Құтқарушылар туристерді 28 күн бойы іздестірген. Олардың сөзінше, мәйіттердің барлығы Өгем өзенінен шыққан.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев жаяу жүріспен 2543 шақырым қаралғанын, тікұшақпен 16 090 шақырым аумақта іздестіру шаралары жүргізілгенін жеткізді.

Сонымен қатар, сүңгуірлер Өгем өзенінің бойымен 22 шақырым жерді қарап шыққан.

Нәтижесінде бірінші жігіттің денесі табылған жер мен екінші туристің мәйітінің арасы 6 шақырымды құраған. Ал үшінші мен төртінші мәйіттің арасы 7 шақырым жерден асқан.

  • Құтқарушылар алғашқы болжам ретінде төртеуі қол ұстасып, Өгем өзенінен бірге өтпек болған кезде суға ағып кетуі мүмкін деп отыр. Алайда судың екпіні тым қатты болғандықтан оларды ағысы алып кетуі ықтимал екенін жоққа шығармайды.
  • Ал екінші болжам ретінде олардың өзеннің тастар көп жататын жері Таскөпірден өтпек болған деп айтылуда. Бірақ суда жатқан тастардың беті тайғақ болғандықтан бірі ағып кетіп, қалғандары құтқарамыз деп оқталған болуы мүмкін.
  • Ал үшінші болжам ретінде аюлардан қорыққан.

Осы орайда Ерік Сарыбаев іздестіру барысында жиырмадан астам аю көргендерін атап өтті.

"Аюдың өзіне тән қасиеті - балалары үшін өте агрессивті болатын кез бұл. Мүмкін, бұл жігіттер өзенді бойлап жүрген кезде алдарынан аю шығып қалды ма. Содан қорыққанынан суға секіріп кетті ме деген жағдайларды қарастырдық", - деді ол.

Еске салайық, Төле би ауданының "Сайрам-Өгем" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 25 мамырда түскен болатын.

Оның үшеуі аман-есен табылып, үйлеріне қайтарылды.

Ал 29 мамыр күні сағат 00:30-да үздіксіз іздестіру жұмыстарының барысында Өгем өзенінен бір адамның жансыз денесі табылды. Ол 1999 жылы туған тауда жоғалып кеткен туристер тобының бірі екені анықталды. Екінші жігіттің денесі Өгем өзенінен 3 шақырым жерден табылған.

Сонымен қатар, 12 маусым күні Түркістан облысының "Сайрам-Өгем" шатқалынан тағы бір адамның денесі табылды. Кейін ол Өгем шатқалында жоғалған 2004 жылғы турист екені белгілі болды. Жоғалған жігіттің әкесі ұлын таныған.

Ал кеше құтқарушылар Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты "Сайрам-Өгем" шатқалында тағы бір адамның денесін тапқанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919046-turkistan-oblysynda-tauda-zogalgan-turister-olimi-boiynsa-bolzamdar-zariyalandy/