RU

"Олардың міндеті мені парақор ретінде түрмеге отырғызу": БҚО ДСБ экс-басшысы сотта өз нұсқасын айтты

Болатбек Каюпов БҚО
Болатбек Каюпов. Фото: batys.ortcom.kz

Оралда БҚО Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Каюповке қатысты сот жалғасуда. Кезекті отырыста айыпталушы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан арандатушылық болғанын айтты. Шенеуніктің сөзінше, олар мұны иығына жұлдыз тағу үшін істейді деп хабарлайды Орал апталығы.

Айыптау актіне сәйкес өңірлік денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы "Орда-мед" ЖШС-мен 78 млн теңгеден астам сомаға құрал-жабдық жеткізу туралы келісімге қол қойып, актіге қол қойғаны үшін 10 пайыздық пара сұраған.

Тергеу болжамынша, Каюпов өткен жылдың қазан айында сыбайластары Тұралиев пен Себеповтің қатысуымен 3,4 млн теңге, содан кейін қалған 4,4 млн теңге параны алған.

Сот кезінде Каюпов өзіне тағылған кінәні мойындаған жоқ. Оның сөзінше, жәбірленушінің өзі Каюповке материалдық сыйақы ұсынған, алайда ол бас тартыпты.

Болатбек Каюпов маңызды куәгерлерден жауап алынбады деп есептейді. Айыпталушының сөзінше, Саржан Бөлекова болса ант бере отырып, сотқа жалған куәлік берген, алайда бұған ешкім назар аудармапты.

"Прокурор да бұған көз жұма қарады. Өйткені оларға да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан таза арандатушылық жасалғаны әшкере болғаны тиімді емес. Жедел қызметкерлер Бөлекованы іске тартып, осы қылмыстық істі құрастырған", - дейді Каюпов.

Осы ретте экс-шенеунік ешкімге ешқандай қысым көрсетпегенін мәлім етті.

"Сотта менің ешқандай әсер етпегенімді анық және айқын көрсетті. Басқа жауапты қызметкерлер де болды, олар сотта менің ешқандай әсер етпегенімді және кедергі жасай алмағанымды немесе керісінше біреуді алға сүйрегенімді көрсетті. Мұны тергеуші де, прокурор да тексерген жоқ және дәлелдеген жоқ. Себебі олардың міндеті, менің түсінуімше, мені ұры және парақор ретінде түрмеге отырғызу", - дейді Болатбек Каюпов.

Сонымен бірге ол досы Айдос Себеповтің неліктен өзіне қарсы куәлік бергенін айтты.

"Оның мені айыптаудан басқа амалы жоқ. Өйткені, бірінші сот отырысында мен де, Тұралиев те, Бөлекованың өзі де, бәрі Себеповті шетте қалған тікелей фигурант ретінде атадық. Бөлекова оған "әкімдіктегі" Айдостан келгенін көрсеткен. Ал Тұралиев нұсқауды Айдостан алғанын және ақша оған берілгенін айтты.
Себепов Каюповтың атын еш жерде атамады, ал Тұралиевтің өзі менімен ешқашан таныс емес еді. Жеті ай бойы Тұралиев екеуміз тергеу изоляторында отырдық. Себепов бостандықта қалды және осы уақытқа дейін отбасымен бірге болды. Егер ол маған қарсы куәлік беретін болса, онда оған қамауда отырмайсың деп уәде берілгеніне сенімдімін", - дейді Болатбек Каюпов.

"Маған қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен өтініш беруші Бөлекова тарапынан параға арандату орын алғанын тағы бір қайталап айтамын", - деді Каюпов сотқа.

Каюпов өзінен табылған ақшаға қатысты да түсініктеме берді. Айтуынша, 20 қазан күні ол мейрамханада туған күнін атап өткен. Оның жанында әйелі Салтанат Каюпова мен досы Айдос Себепов болған.

"Біз мейрамханадан туған күнімді атап өтіп шыққан кезде көлікте Айдос маған конверт берді. Ол мұны ұжымның атынан сыйлық деп айтты. Мен бұл конверті алып, сол жерде әйеліме бердім. Мен онда сыйлық ретінде ақша болғанын түсіндім. Бірақ қанша екенін санамадым. Әйеліме үй шаруасына жаратарсың деп бердім", - дейді айыпталушы.

Конвертте 330 мың теңге болған екен. Дәл сол ақшаны жемқорлыққа қарсы қызметкерлер әйелінің сөмкесінен тауып алған.

"Мен адамдарға, Бөлековаға не жамандық істедім? Мен қолымды жүрегіме қойып тұрып ант етемін. Мен қандай жағдай болмасын, Бөлековадан осы 10 пайызды сұраған жоқпын. Бұл барып тұрған өтірік. Ол осы әрекеті үшін өмірінің соңына дейін ұялсын... Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегілер осы арандатушылықты пайдаланып, өздерінің погонына жұлдыз жинауға тырысуда", - дейді Болатбек Каюпов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919068-olardyn-mindeti-meni-paraqor-retinde-turmege-otyrgyzu-bqo-dsb-eks-bassysy-sotta-oz-nusqasyn-aitty/