RU

"Қызымнан айырылдым": Бір жарым жыл бойы комада жатып, көз жұмған балақайдың анасы жанайқайын айтты

Қонжық
Фото: Pixabay.com

Нұр-сұлтанда балалар стоматологиясында ем алған соң, бір жарым жыл бойы комада жатып, жақында көз жұмған екі жасар қыздың анасы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Анастасия Зеленая Денсаулық сақтау министрінің БАҚ-қа берген ресми жауабын қанағат тұтпағанын жеткізді. Ол министрдің "ата-анасы сот залында стоматологияға еш шағымы жоқ екенін айтты" деген жауабына төбе шашы тік тұрғанын айтты.

Алайда Алисаның анасы мұндай сөзді былтыр жағдайдың осылай өрбитінін білмеген кезде айтқанын мойындап отыр.

"Иә, біз осылай сот залында айтқанымыз шындық, бірақ ол кезде басқа жағдай болды ғой. Алисаның ауруханада жатқанына бірнеше ай ғана өткен ол кезде. Дәрігерлер бізден үміт үзбеуімізді сұрады, біраз уақыт керек деді. Комадан оянады деп күттік. Сол уақытта бізге ақша қажет еді. Шетелден шақырған мамандардың ары-бері жолына қатты керек болды. Стоматология директоры қызымның еміне ай сайын ақша беріп тұрамын деп уәде берді. Егер біз клиниканы лицензиясынан айыруды талап етсек, бізге қаржылай көмектесе алмайтындарын айтып, жалынды", - дейді қайғыдан қан жұтқан Анастасия Зеленая.

Алисаның анасының айтуынша, клиника директоры қызының емі үшін 10 миллион теңге беруге міндеттелетіні жөнінде қолхат жазып берген. Алайда 8 ай бойы олардан бір тиын да алмағанын айтады.

Анастасия әлі күнге жұмысын жалғастырып келе жатқан стоматологияға арыз-шағымы барын жеткізді.

"Арыз-шағымым бар. Дәрігерлердің қателігінен бала көз жұмды. Мен ауруханадан барлық құжаттарды және дәрігерлердің ең бірінші айтқан сөздерін тауып бере аламын. Олар Пропофол (7 жасқа дейін қарсы көрсетілімі бар) және Убезистин (4 жасқа дейін рұқсат етілмеген) салғанын айтты. Артынан ол туралы жақ ашпай қойды.
Біз тіс емдетуге ақша аямадық, сол уақыттағы астанадағы ең мықты деген емханалардың бірін таңдадық. Емі 300 мың тұрды. Қымбат болғанына қарап, өз ісінің шеберлері жұмыс істейді деп ойладық. Ондай болмай шықты. Біздің орнымызда кез келгеніңіз болып қалуыңыз мүмкін", - дейді баласын жоқтаған ана.

KAZ.NUR.KZ тілшісі жекеменшік тіс емдеу емханасына да хабарласып көрді. Call-орталық қызметкері аталған жайтқа қатысты пікір білдіруге құзырлы емес екенін айтты.

Стоматология қызметкері басшыларымен немесе ресми жауап бере алатын тұлғамен байланысу мүмкін емес екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919226-aryz-sagymym-bar-tisin-emdetken-son-18-ai-komadan-oyanbai-koz-zumgan-buldirsinnin-anasy-ayagyna-deiin-kuresetinin-aitty/