RU

Сенат депутаттары жерге қатысты мораторийді ұзарту бойынша заңды қабылдады

Жер
Көрнекі сурет: pixabay.com

Палатаның пленарлық отырысында сенат депутаттары ауылшаруашылық жерлерін жекенің қолына сатуға тыйым салуды ұзартатын түзетулерді екі оқылымда қарап, қабылдады. Құжат мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат Ақылбек Күрішбаев заң жобасы мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін әзірленгенін және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алу институтын реттеу бойынша жер заңнамасын жетілдіруге әрі жердің пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталғанын мәлімдеді.

"Жер кодексінің ауылшаруашылық жерлерін қазақстандықтарға жеке меншікке беру туралы ережелеріне енгізілген мораторий 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін заңмен ұзартылды", - деді ол.

Одан бөлек, құжатқа сәйкес, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді қазақстандықтар мен қазақстандық заңды тұлғаларға 49 жылға дейінгі мерзімге ұзақмерзімді жалға беру көзделген. Оның үстіне, жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа мерзімге ұзарту басымдығы беріледі.

Заң жобасына ауылшаруашылық жерлеріндегі жерді пайдалану құқығынан айыруға қатысты бірқатар өзгерістер де енгізілді. Атап айтқанда, тиісті уәкілетті органдарға жалдау шарттарын қайта рәсімдеуге өкілеттік берілген.

Еске сала кетейік, бұған дейін президент шетелдіктерге жерді сатуға, жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын мәжіліске жолдағанын, парламент оны белгіленген регламентке сәйкес қарастырып, тиісті шешім қабылдайтынын мәлімдеген еді.

Көп ұзамай, мамыр айында мемлекет басшысы шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге тыйым салатын заңға қол қойған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919249-senat-deputattary-zerge-qatysty-moratoriidi-uzartty/