RU

Атыраулық әйел үш бірдей мүгедек бауырымен тозығы жеткен үйде тұрып жатыр (видео)

Эльмира Жұмағалиева
Эльмира Жұмағалиева. Видеодан кадр: Ақ Жайық басылымы

Атырау облысы Исатай ауданы Хамит Ерғалиев ауылында тұратын Жұмағалиевтер отбасы өте қиын жағдайда қалды. Эльмира Жұмағалиева тозығы жеткен баспанада үш бірдей мүгедек бауырына жалғыз өзі қарап отыр деп хабарлайды Ақ Жайық.

Басылымның жазуынша, Жұмағалиевтар алты ағайынды - үш қыз, үш ұл. Екі қыз тұрмысқа шығып, бөлек тұрады. 1975 жылғы Арманның, 1987 жылғы Дамирдің, 1991 жылғы Дауреннің бала кезден психоневрологиялық сырқаты бар және екінші топ мүгедегі. Оларға туған бауыры Эльмира күтім жасайды.

Эльмираның сөзінше, ол 2003 жылы тұрмысқа шығып, үш балалы болған.

"Әкем ертерек қайтыс болып кетті, момын, өте шаруа кісі болатын-тұғын. Анам қайтыс болар алдында осы бауырларыма бас-көз болуымды маған тапсырды”, - деп әңгімеледі Эльмира.

Анасы қайтыс болған соң Эльмира әкесінің үйіне көшіп баруға мәжбүр болған.

"Олар өздіктерімен киімдерін кию, тамақтану, дәретке отыру, жуындыру сынды барлық мүмкіндігінен айырылғандықтан, басқаның көмегіне тікелей мұқтаж болды. Өкінішке қарай, жолдасым бірге тұруға қарсылық білдіріп, ақыры ажырасып тындық", - дейді келіншек.

Отбасы 70 жылдардың басында саман тастан салынған ескі үйде тұрады екен. Тозығы жеткеніне қарамастан, үй иесі оны таза әрі жинақы ұстап отыр. Сол үйде Эльмираның үш бауырымен қатар өзінің үш баласы да тұрады. Айтуынша, есік-терезелері жабылмайды. Шатырынан су ағады, ал қыста іргелерді картонмен қымтап қояды. Дәретхана да сыртта орналасқан.

"Қырық жыл көрші болыппын, бұл үйдің салынғанына да елу жыл болып қалды ғой. Алланың ісі ғой, ауруды ешкім сұрап алмайды, бір отбасында бір емес, үш жан. Дегенмен жағдайлары өте қиын. Бұл баспана жөндеуге келмейді. Ең болмаса, барлық жағдайы бар шағын сарай тұрғызып берсе жақсы болар еді", - дейді көршісі Қайролла Қарабалин.

Басылымның мәліметінше, Эльмираның інілерінің бірі Дәурен мүлдем жүре алмайды. Оны әжетханаға көтеріп апарып, қасықпен тамақ береді екен.

"Маған оларды аудан орталығына апарып келудің өзі ақірет. Таксилер жарымжан адамдарды апарудан бас тартады. Қайта-қайта апаруға қаржым да жоқ. Олардың әрқайсысына 50 мың теңгеден мүгедектік зейнетақы белгіленген. Тамағы мен памперстерінен, басқа да қажеттіліктен аспайды", - дейді келіншек.

Ал Эльмираның өзі мектепте еден жуады. Жалақысы аз, үш баласы бар, оларды да асырау керек.

"Мен бауырларымды ақырына дейін бағамын, бұл анамның ғана аманаты емес, адами тұрғыда осылай жасауым керек деп шештім. Бәзбіреулер өздерінше ақыл беріп, "неге тапсырып жібермейсің" дейді. Көздерін жәудіретіп қалай тапсырамын, оған дәтім бармас. Сіздерге хабарласқаным көмек сұрау, бауырларымнан құтылу емес. Бізге үйімізді заңдастырып берсе, жағдайымызды жасап берсе", - деді Эльмира.

Осы орайда, Исатай ауданы әкімінің орынасары Еркебұлан Әбілқасимов пікір білдірген. Шенеунік мүгедектігіне байланысты жеке оңалту бағдарламасын алуға және тек қана  гигиеналық құрал (памперспен) қамтамасыз ету  үшін жолдама берілгенін хабарлады.

Сонымен бірге, Әбілқасимов аудандық Жастар орталығындағы еріктілердің көмегімен тұрып жатқан үйге жөндеу жүргізу жұмыстары және тұрғын үйдің құжаттарын өз атына аударуға жәрдем берілетінін айтты.

Жұмағалиевтар отбасына қол ұшын созғысы келетін азаматтар Эльмираның нөміріне +7 778 160 2027 хабарласа алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919312-us-birdei-mugedek-bauyryna-tozygy-zetken-uide-qarap-otyrgan-atyraulyq-kelinsek-komek-suraidy/