RU

Елімізде балалар жаппай вакцинациялануы мүмкін бе: Дәрігерлер жауабы

Коронавирус
Көрнекі сурет: pixabay.com

Коронавирусқа қарсы екпені енді балаларға да салуға болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балаларды COVID-19-ға қарсы вакциналауға қатысты көзқарасын өзгертті. Осы орайда отандық дәрігерлердің ұстанымы қандай? Бұл сұраққа КТК арнасы жауап іздеді.

ДДҰ шешімі бойынша коронавирустың ауыр түріне шалдығуы мүмкін қауіп тобындағыларды егіп болған соң, 12-15 жасқа дейінгі жасөспірімдерге вакцина салуға болады.

Ал отандық дәрігерлер бұған қатысты екі түрлі пікірде: бірі – вирус балаларға жеңіл әсер етеді, вакциналау қажет емес деп есептесе, кейбірі екпені бастағанды құптап отыр.

"Дүниежүзілік осындай ахуал болып жатқандықтан, егер де қажеттілік туындаса балаларға да вакциналау жүргізу керек. Бірақ, ең біріншіден, бұл аурудан ересектер арасында өлім көп болғандықтан, әуелі ересек адамдарды қамтуымыз керек. Әрине балалардың арасында бұл аурудың анықталып жатқаны рас, дегенмен ересектермен салыстырғанда әлдеқайда жеңілірек өтеді және де өліммен аяқталғаны болған жоқ", - дейді жоғары санатты балалар дәрігері Раушан Құлжабаева.

Әлем тәжірибесіне көз жүгіртсек, бұған дейін Pfizer, BioNTech өндірушілері 12-15 жас аралығындағы екі мыңнан астам балаға клиникалық зерттеу жүргізгенін мәлімдеп, екпенің кері әсері болмағанын айтқан. Тіпті бүгінде алты айлық нәрестеден бастап, 12 жасқа дейінгі балаларға дейін сынақ жүргізіліп жатыр екен. Бірақ әлі бірде-бір мемлекет балаларды коронавирусқа қатысты егу мәселесінде нақты шешім қабылдаған жоқ.

Қазақстанда тіпті балаларға сынақ жасау заңмен тыйым салынған. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі әліптің артын бағып отыр.

"ҚазВак" бойынша балалардың арасында клиникалық зерттеу жұмыстары мүлде жүргізілмеді. Оның үстіне біздің елімізде балаларға қандай да бір сынақ жүргізуге заңнамалық тұрғыда тыйым салынған. Ал басқа елдің өндірушілері егер балаларға екпе салу жағын қолға алып дәлелдесе, онда біздің елде кәмелетке толмағандарды вакциналау мәселесін қарастырамыз", - дейді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Егер балаларды жаппай егу басталса, онлайн оқу, қашықтан шара өткізу мәселесінен құтылар едік дейді мамандар. Алайда әзірге кәмелетке толмағандарды вакциналау басталмайды. Оның үстіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының балаларды егуге қатысты ұйғарымы әлі талай өзгеруі мүмкін.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919347-elimizde-balalar-zappai-vakcinaciyalanuy-mumkin-be-dsm-zauaby/