RU

ДСМ бір жарым жыл комада жатып, көз жұмған сәбиге қатысты мәлімдеме жасады

бала
Көрнекі фото: pixabay.com

Денсаулық сақтау министрлігі елордалық стоматология клиникасына барып, ем алғаннан кейін бір жарым жыл комада жатып, көз жұмған қыздың ісін әділ қарауға әрі жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеп, мекеменің ресми сайтында жазба жариялады.

21 маусым күні елордада кішкентай Алиса Зеленая бір жарым жыл комадан кейін көз жұмды. 2019 жылдың желтоқсанында 2,5 жасар қыз стоматологиялық емханаға барғаннан кейін комаға түскен. Өкінішке қарай, сәбиді құтқару мүмкін болмады.

"2020 жылдың 9 сәуірінде сот осы стоматологиялық орталықтың қызметіне тыйым салу және лицензияны қайтарып алу туралы шешім қабылдады. Алайда, сол кезде сот залындағы қыздың ата-анасы медициналық ұйымға шағымдары жоқтығын мәлімдеді және осы ұйымның қызметін тоқтатпауды өтінді. Кейін жәбірленуші тарап сот органдарына материалдық өтемақы төлеу туралы екінші талап арыз берді, өзге де талаптар қойылды. Денсаулық сақтау министрлігі бұл факті туралы хабардар етілген жоқ.

Дәрігерлер стоматологиялық клиникада анестезия енгізілгеннен кейін 2019 жылдың желтоқсан айында комаға түскен қыздың өмірі үшін бір жарым жылға жуық уақыт күрескен. Өкінішке қарай, науқасты құтқару мүмкін болмады. 21 Маусымда қыз №2 қалалық көпбейінді балалар ауруханасында қайтыс болды", - делінген министрлік хабарламасында.

Денсаулық сақтау министрлігі кез келген заңбұзушылықтар, дер кезінде медициналық көмек көрсетпеу немесе тиімсіз медициналық көмек көрсету фактілері бойынша шағымдануға болатындығын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919351-dsm-bir-zarym-zyl-komada-zatyp-koz-zumgan-sabige-qatysty-malimdeme-zasady/