Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Литріне 230 теңге": Алматыда да дизель отыны тапшы болып отыр

Опубликовано:

Дизель
Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматыда жүрізушілер дизель отынын іздеп сабылып жүр. Қаладағы жанармай құю бекеттерінің көбісінде сұйық отын жоқ. Бағасы аспандап кеткен жанармай кей жерлерде тек талонмен берілуде. Шымкентте де бұл мәселе әлі шешілмеген деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, қалада жанармай бекеттерінің көбісі дизельді тек талонмен беріп жатыр.

"Мен экономист емеспін. Бірақ тапшылық бағаны өсіру үшін жасалып отыр деп ойлаймын. Бұл жағдай ең соңында қарапайым халыққа ауыр тиеді. Өйткені біз қазір тасымалдаудың құнын көтеруге мәжбүрміз. Соның салдарынан тауар да қымбаттайды. Кеше дизель іздеп жұмысымыз тоқтап қалды. Қазақстанда өмір сүру күннен-күнге қиындап баратыны өкінішті", - дейді жүк көлігінің жүргізушісі Иван Григорьев.

Шаһарда дизель сатып жатқан санаулы бекеттегі баға шарықтап кеткен. Өткен аптада 190 теңгеден сатылған сұйық отын 230 теңгеге бір-ақ жетіпті. Көліктері қаңтарылып, кешелі бері жұмысқа шыға алмай отырған жүргізушілер амалдың жоқтығынан қымбат дизельды құюға мәжбүр екендерін айтуда.

"230 теңгеге құйып жатырмын. Не істеймін енді?! Жұмыс істеу керек. Бірақ бұл өте қымбат!", - дейді жүргізушілердің бірі.

Дизель отыны Шымкентте әлі де тапшы.

"Қазір бекеттерде дизель отыны жоқ. Болмаса, талонмен береді. Жоғарыда отырғандар бір аптада шешеміз деген. Он күн болды, бұл мәселе шешілмеді. Менің көлігім дизельмен жүреді. Қозғалу қиын. Қала шетіне барсаң 200-300 теңегеден сатылады", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Нұргелді Сәдуақасов.

Жауапты ведомство өкілдері Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты 13 маусымда қайта іске қосылып, өңірлерге дизель тасымалдау жанданғанын жеткізді. Олардың айтуынша, сұйық отын қоры Алматы қаласы мен оңтүстік өңірді толық қамтуға жеткілікті.

"Алматыда дизель отынының қоры қазір 10 мың тонна. Алматы облысында да 10 мың тонна сұйық отын қоры бар. Шымкенттегі зауыттан осы өңірге қосымша 2 мың тонна дизель жөнелтілді", - дейді Энергетика министрлігінің басқарма басшысы Мұрат Тұрдыбеков.

Ал тәуелсіз сарапшылар дизель тапшылығы алдағы уақытта қымбатшылыққа ұласатынына сенімді. Олар энергетика министрлігі тапшылықты жойып, аспандап тұрған бағаны тұрақтандыру үшін тиісті шараны қазірден бастап қолға алғаны жөн дейді. Әйтпесе баға ырыққа көнбей, оның зардабын қарапайым халық тартуы мүмкін. Өйткені дизель қымбаттаса, дәнді дақыл мен азық-түлік бағасы тағы да көтерілуі мүмкін.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919369-litrine-230-tenge-almatyda-da-dizel-otyny-tapsy-bolyp-otyr/

pixel