RU

Елорда әлі "қызыл" аймақта: Елде COVID-19 тарауына қатысты соңғы деректер шықты

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ресми сайты ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жария етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

25 маусымдағы жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан қаласы "қызыл" аймақта тұр.

"Сары" аймақта Шымкент және Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстары орналасқан.

Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары "жасыл" аймақта.

Елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 1445 адам тіркелген. Олардың дені елордадан. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 414 712-ге жетіп отыр.

Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты қосымша тексеріс жүргізу мақсатында 54 науқастан сынама алынған болатын.

Алдын ала талдау олардың 56 пайызында "үнді" штамы расталып ("Дельта" штамы) отырғанын көрсеткен.

Осы орайда денсаулық сақтау министрлігі қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша карантиндік шектеулер енгізуді ұсынған еді.

22 маусымда премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ел аумағында коронавирус инфекцияcының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Оның барысында елордада карантин режимін күшейту туралы шешім қабылданды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919411-songy-derekter-syqty-nur-sultan-qalasy-ali-qyzyl-aimaqta/