RU

"Алматыда шектеу шаралары енгізіледі": Бақытжан Сағынтаев мәлімдеме жасады

Адамдар
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ОКҚ өткен онлайн-брифингте мегаполисте шектеу шаралары енгізілетінін, дегенмен локдаун болмайтынын мәлімдеді. Шектеу шаралары оңтүстік астанада "үнді" штамының анықталуына байланысты енгізілмек деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Локдаун болмауы мүмкін. Бірақ шектеу шаралары енгізіледі. Қазір біз Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты комитеттің шешімін күтіп отырмыз. Шешім шығарыла салысымен біздің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіміз қаулы шығарады", - дейді Бақытжан Сағынтаев.

Алматы әкімінің сөзінше, індетпен күрестің жалғыз жолы- вакцина салдыру.

"Қалада вакцина жеткілікті. Қазір 430 мың адам екпе салдырған. Вакцина салдыру қарқыны артуда. Қызмет көрсету саласының қызметкерлерін вакциналауға келер болсақ, өткен жылы наурыз айында мейрамхана иелері бізбен бейнебайланысқа шығып, жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрады. Сол кезде олар қызметкерлері міндетті түрде вакцина салдыратынын айтты. Сондықтан, егер шешім қаулымен қабылданса, онда қызмет көрсету саласының қызметкерлері қарсы болмайды. Өйткені, мұндай бастаманы олар өздері көтерген еді", - дейді Бақытжан Сағынтаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бақытжан Сағынтаев коронавирустың "үнді" штамына байланысты Алматы қаласы қайтадан "қызыл" аймаққа өтуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

Айта кетейік, қазір Алматыда 11 адам коронавирустың "үнді" штамын жұқтырды деген күдікке ілініп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919483-almatyda-sekteu-saralary-engiziledi-baqytzan-sagyntaev-malimdeme-zasady/