RU

"Байланысқа шықпай қашып жүр": Ақтауда тұрғындар жиһаз дүкенінің иесіне оңбай алданып қалған

Алданған тұрғындар11
Кадр: КТК арнасынан

Ақтауда тұрғындарды алдаған жиһаз дүкенінің иесі іздестіріліп жатыр. Ол 20-ға жуық адамнан үйіне қажет жиһаздың түр-түрін жасаймын деп тапсырыс алып, іс-түзсіз жоғалған. Тұрғындар әлеуметтік желідегі арзан акция жарнамаға қызығып келісімшартқа отырған деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарнаның мәліметінше, тұрғындар екі айдан бері жиһаз дүкенінің есігін күзетіп жүр. Бірі ас үй жиһазына тапсырыс берсе, енді бірі үстел жасатпақ болған.

Олардың сөзінше, бірақ бәрі де қағаз жүзінде қалған. Жиһаз компаниясы ақшаны алып, тапсырысты орындамай қашып кеткен.

"Дүкендегі адам жоқ, қашып жүр. Естуімізше, Түркияда жүр. Құжат жағынан бәрі дұрыс келісімшарт, түбіртек берді, бірақ күткенімізге екі айдан асып кетті. Байланысқа шықпай қашып жүр. Бір миллиондап бергендер де бар, қолма-қол 390 мың теңге бергендер бар", - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Жадыра Утенова.

20 адамның ішінде ақшаны қолма-қол бергендермен қатар, несие алып төлегендері де бар екен.

Алданған тұрғындар полицияға арыз жазған, тіпті, дүкен иесін сотқа беріп, президентке хат жолдауға бекініп отыр.

Ал құзырлы орган жедел іздестіру іс-шарасының барысында күдіктінің жеке басын анықтаған.

"Қазір ол азаматты ұстау шарасы жүргізіліп жатыр. Алаяқтық фактісі бойынша ҚР ҚК 190-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", - дейді Маңғыстау облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Әйгерім Ибатуллаева.

Дереккөз КТК арнасы

Еске сала кетсек, бұған дейін осыған ұқсас жағдай Өскеменде болған еді. Жиһазға тапсырыс берген 28 адам сан соғып қалғандарын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919645-bailanysqa-syqpai-qasyp-zur-aqtauda-turgyndar-zihaz-dukeninin-iesine-onbai-aldanyp-qalgan/