RU

"Бұл менің туған тілім": АҚШ-та оқитын дәрігер Александр Шинкоренко қазақшаны не үшін үйренгенін айтты

Александр Шинкоренко
Александр Шинкоренко: жеке мұрағат

Отбасылық дәрігер Александр Шинкоренко алматылық тұрғындарға жақсы таныс. Жұбайымен бірге емдеу орталығын ашып, көптеген ауру-сырқаулардың алдын алатын ол АҚШ-тағы беделді оқу орнында білім алуда. Жақында Шинкоренко әлеуметтік желі арқылы хабарлама қалдырып, өзінің қазақ тілін үйреніп жүргендігін жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Менің есімім – Александр Шинкоренко. Мен отбасылық дәрігермен. Әйелім бар, есім Ирина. Ол да дәрігер. Біздің екі ұл, бір қызымыз бар», - деді ол қазақ тілінде.

Сондай-ақ, дәрігер не үшін қазақ тілін үйреніп жүргеніне де тоқталды.

«Неге қазақ үйреніп жүрмін? Оның екі себебі бар. Біріншіден, бізге емделуге оралмандар көп келеді. Қытайда, Ираннан, басқа да елдерден келгендер бар. Алдымен солармен түсінісікм келді. Екіншіден, жүрек тілін түсінгім келді. Жүрекпен қазақша сөйлегенді түсінуді мақсат еттім», - дейді Александр.

Дәрігерлер отбасы біраз уақыт бойы АҚШ-та тұрып, білім алып, қызмет еткен. Қазіргі таңда да олар уақытша Америкаға кеткенін хабарлады. Десе де, олар туған жерлерінде тұру туралы шешім қабылдаған.

«Иә, АҚШ-та дәрігерлер жетіспейді. Бірақ біз өзіміздің орнымыз Қазақстан екенін түсіндік. Бізге достарымыз елден дәрігерлер дайындайтын емхана ашу туралы ұсыныс айтты. Міне, осыдан соң жұбайым екеуміз білім дәрежесін көтеріе, жаңа мамандық – отбасылық медицинаны елімізде енгізбек болдық. Оның үстіне, ата-аналарымыз да елде. Сол себепті, АҚШ-тан қайта оралдық», - дейді дәрігер видеожазбасында.

Сондай-ақ, Александр Шинкоренко қазақ тілінде жазба қалдырды.

«Мен неліктен қазақ тілін үйрене бастадым және ол маған жұмыс барысында қалай көмектеседі? Бұл туралы жолға шығар алдында айтқым келген. Ең алдымен, қазақ тілі науқастармен сөйлесу үшін үлкен көмек. Одан бөлек, бұл менің туған тілім және өте әдемі тіл», - дейді Шинкоренко.

Дәрігердің бұл бастамасын көпшілік жылы қабылдады. «Жарайсыз!», «Жарадың, бауырым!», «Керемет! Құдай сізді жарылқасын» деген комментерді Александр Шинкоренконың парақшасынан жиі кездестіруге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919713-bul-menin-tugan-tilim-aqs-ta-oqityn-dariger-aleksandr-sinkorenko-qazaqsany-ne-usin-uirengenin-aitty/