RU

Түркістанда мейрамханалардың айына 15-20 той өткізіп жүргені рас па

Фото
Көрнекі фото: Olx.kz

Түркістан облысында карантинге қарамастан бір айдың өзінде 15-20 той өткізетін мейрамханалар анықталып жатыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бұл ақпаратты Түркістан облыстық полиция департаменті растап отыр.

"Мәселен, Жетісай қаласында аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бір күннің өзінде бір көшенің бойында орналасқан 2 тойханада той болып жатқанын анықтады. Оның бірінде "Бесік той" болса, екіншісінде "Құдалық той" өткізілген. Екі тойда да 100-ге жуық қонақ болған" ,- делінген ведомство хабарламасында.

Қатар орналасқан екі тойхананың егесі де бір екен.

Анықталған әкімшілік құқық бұзушылық бойынша карантин талаптарын сақтамағаны үшін тойхана иесі мен екі тойдың иесіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабымен "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптары, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша" әкімшілік шара қабылдау мақсатында тиісті құжаттар жинақталып, Жетісай аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адам көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді.

"Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан, немқұрайлылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн" ,- деді полицейлер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919747-turkistanda-meiramxanalardyn-aiyna-15-20-toi-otkizip-zurgeni-ras-pa/