RU

Қостанай облысында үш бала жол апатынан көз жұмды

Апат
Фото: Қостанай облысы ПД

Қостанай облысында екі көлік бетпе-бет соқтығысты. Жол апатынан үш бала қаза тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, қайғылы оқиға Қостанай-Қарабұтақ тас жолында болған. 

"Renault SANDERO мінген 36 жастағы әйел жүк көлігін басып озбақшы болған. Сөйтіп, жолдың қарсы бетіне шыққанда Lexus-пен соқтығысқан", - дейді полицейлер.

Renault-та болған үш жасөспірім – 14 жастағы екі бала және 17 жастағы бір бала оқиға орнында көз жұмды. Ал көлік жүргізушісі және оның жанында отырған 40 жастағы жолаушы дене жарақатын алды.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.

Осы бапқа сәйкес, белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе  қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында автобус аударылып, үш адам ауруханаға түскенін жазған едік.

Жол апаты "Самара - Шымкент" тасжолының 916-шақырымында болды. Жолаушылар автобусы Бөгетсай ауылы маңында аударылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919771-qostanai-oblysynda-us-bala-zol-apatynan-koz-zumdy/