RU

Атырауда ер адам анасын балағаттаған танысын пышақтап тастады

Пышақ ұстаған жігіт
Көрнекі фото: NUR.KZ

Атырауда Корей азаматы анасын балағаттаған танысын пышақтады деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылым дерегінше, Атырау қаласында Корея елінің азаматы танысымен ішімдік ішкен. Содан араларында кикілжің туындап, өзара сөзге келіп қалған.

Жергілікті тұрғын 45 жастағы ер адамның анасын балағаттап, оған тіл тигізіпті.

Сол уақытта ашуға ерік берген Корея елінің азаматы үйіне жүгіріп кіріп, пышақ алып қайта шыққан. Осылайша, суық қарумен танысына дене жарақатын салған екен.

Жәбірленуші аман қалды.

Ал күдікті ер адам өз кінәсін толық мойындап отыр.

Айыпталушыға сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігімен төрт жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Одан жәбірленушілерге өтемақы қорына жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндірілді.

Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысында жастар төбелесіп, 19 жастағы жігіттің жағы сынғанын хабарлаған едік.

Полицияның мәліметінше, ішімдік ішкен жас жігіттермен олардың жанынан өтіп бара жатқаны жігіттер арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. Салдарынан 19 жастағы ауыл тұрғынының жағы сынған.

Құзырлы орган аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 1-бөлігі (Денсаулыққа орташа дәрежеде қасақана зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919783-atyrauda-er-adam-anasyn-balagattagan-tanysyn-pysaqtap-tastady/