RU

Алматыда "Олимп" букмекерлік кеңсесінің оннан аса қызметкері сотталды

Сот
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты "Олимп" БК-ның 11 қызметкерін соттады. Барлығы 20 адам іс фигуранты атанып отыр. Оның 11-іне сот үкім шығарды. Тағы 9 адамға қатысты іздеу жарияланды. Бұл туралы қалалық сот Facebook-тегі ресми парақшасында жария етті.

Сот мәліметтеріне сәйкес, іс фигуранттары ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату) бойынша сот алдында жауапқа тартылған.

Сотталушылар және іздеуде жүрген адамдар (9 адам) экономикалық қызмет саласында қылмыстық құқықбұзушылықтар жасау үшін тұрақты ұйымдасқан топ құрып, оның қызметін басқарғаны анықталып отыр.

"Топтың негізгі қылмыстық әрекеті букмекерлік кеңсемен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және басқа да мүлікті заңдастыру арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру жолымен қылмыстық кірістің тұрақты көзін алу болып табылады. Сотталушылар қылмыстық топқа 2014 жылдың қаңтарынан бастап тартылды, содан кейін олардың әрқайсысы өзіне тапсырылған келесі рөлдерді атқарған:

- компания серверлерінің Қазақстаннан тыс жерлерге өзгерту, электрондық казиноны "Олимп" БК сайтымен біріктіру;

- алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру, оларды шетел валютасына айырбастау;

- Қазақстаннан тыс жерлерге экспорттау үшін курьерлерге аудару, сондай-ақ оларды заңдастыру", - делінген сот хабарламасында.

Сотталушылардың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 95 млрд теңгеден астам материалдық залал келтірілгені белгілі болып отыр.

Сот отырысында сотталушылар қылмыстық топтың бар екендігі туралы білмейтіндерін алға тартып, өз кінәсін жоққа шығарды.

Сот сотталушылардың кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде жасырын тергеу әрекеттерімен дәлелденді деген қорытындыға келді.

Сотта прокурор айыптауды қолдап, барлығын бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот сотталушыларға жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, олардың қылмыстық топка қатысу дәрежесін ескере отырып, оларға 5-тен 8,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сотталғандар бұл жазаны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейтін болады.

Сотталғандардың қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленіп, олардан мемлекет пайдасына 95 млрд теңге көлемінде материалдық шығын өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919784-almatyda-olimp-bukmekerlik-kontorasynyn-onnan-astam-qyzmetkeri-sottaldy/