Еліміздегі қалалардың бірінде карантин ұзартылды
Опубликовано:
Шымкент қаласының бас санитар дәрігері карантин мерзімін ұзарту туралы қаулы жариялады деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Шымкент қаласында карантин режимі және коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі шектеу шаралары 2021 жылдың 28 маусымынан бастап эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылсын", -деп жазылған құжатта.
Қаулыға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына адамдар көп жиналатын туған күн, мерейтой, құдалық, той, беташар және басқа кез келген іс-шараларды өткізуге тыйым салынған.
Сонымен қатар 65 жастан асқан адамдардың қалада жүруі шектеліп, маскалық режим сақтау міндеттелді.
Сондай-ақ, бильярд, компьютерлік клубтар, Play Station клубтар, боулинг, цирктер, балалардың ойын-сауық орталықтары (жабық үй-жайлардағы ойын алаңдары, аттракциондар) жұмысына тыйым салынған.
Ас беруге, ойын-сауық, бұқаралық іс-шаралар, конференциялар, форумдар, отбасылық, естелік іс-шаралар ұйымдастыруға да болмайды.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы қаласы "қызыл" аймаққа өтуіне байланысты карантин қатаңдатылғанын жазған едік.
Одан бөлек, Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов қалада жаңа инфекциялық станционарлар жасақталып жатқанын айтқан болатын.
"Біз төсек-орын санын көбейтіп, кадрлық ресурстарды іске қосуға мәжбүрміз. Инфекциялық станционарларға бір тәуліктің ішінде 150-200 адам түсіп жатыр", - дейді Мұратов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919868-elimizdegi-qalalardyn-birinde-karantin-uzartyldy/