RU

ІІМ мұғалімдер мен оқушыларға теракт кезінде қалай әрекет ету керектігін үйретпек

Мектеп
Көрнекі фото: pixabay.com

Ішкі істер министрлігі мұғалімдер мен оқушыларға төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігін үйретеді. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің сөзінше, төтенше және апатты жағдайларда мұғалімдер мен оқушылардың әрекет ету алгоритмін енгізу жұмысын жеделдету қажет.

"Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектеп қызметкерлері мен оқушылар үшін тұрақты арнайы оқу-жаттығулар ұйымдастырылады. Соның барысында оларға теракт, шабуыл, өрт, жер сілкінісі сияқты төтенше жағдайлар кезінде не істеу керектігі үйретіледі", – дейді Ерлан Тұрғымбаев үкімет отырысында.

Министрдің сөзінше, мектептердің қорғанысын күшейтумен қатар осындай талаптарды балабақша, колледж, жоғары оқу орындарында да жүзеге асыру керек.

Сонымен қатар, Ерлан Тұрғымбаев қысқа мерзімде мектептердің антитеррорлық қорғауды ұйымдастыру нұсқаулығын бекіту қажет екенін мәлімдеді.

Еске салсақ, 11 мамырда Татарстанның Қазан қаласында мектепте қайғылы оқиға болды. Таңертең 19 жастағы Ильназ Галявиев №175 гимназияда оқ жаудырып, салдарынан жеті бала мен екі мұғалім көз жұмды. Тағы 20 адам ауруханаға жатқызылды.

Кейін атыс кезінде оқу ғимаратында болған екі оқушы іште не болғанын айтып берген еді.

Одан бөлек, атыстың куәгерлері қайғылы оқиғаның қалай өрбігенін еске алды.

12 мамыр Татарстанда аза тұту күні деп жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919962-iim-mugalimder-men-oqusylar-terakt-kezinde-qalai-areket-etuge-kerektigin-uiretpek/