RU

Қазақстан бойынша локдаун енгізілгені рас па: Санитар дәрігерлер жауап берді

Көшедегі адамдар
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтар бір-біріне таратып жатқан локдаун туралы ақпаратқа пікір білдірді. Санитар дәрігерлер қауесетті жоққа шығарды.

Stop Fake порталының мәліметінше, ел азаматтары Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймаққа кіргенін және қалааралық қозғалысқа тыйым салынғанын хабарлауда.

"Халайық, Қазақстан бойынша тағы да жүріп-тұруға болмайтыны мен тағы "қызыл" аймаққа өтіп, қалаларды жапқанынан кім хабардар?", - делінген хабарламада.

Алайда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Бұл жалған ақпарат. Бүгінгі таңда кейбір аймақтарда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты карантиндік шаралар күшейтілді. Олар сауда орталықтарының, дәмханалардың, барлардың жұмыс уақытын қысқартуға, қоғамдық көліктердің дезинфекциялау уақытын ұлғайтуға және т.б. қатысты. Ел аумағында локдаун енгізілмейді. Қалалар арасындағы ұшулар мен жерүсті қалааралық көлік штаттық режимде жұмыс істейді. Блок-бекеттер қойылмаған", – деп хабарлады ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Портал осы ретте елімізде коронавирустың "үнді" штамы кеңінен таралып жатқанын айта кетті.

Еске сала кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте тағы 1321 адамнан коронавирус анықталған болатын. Жалпы ел бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 421 121-ге жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919987-qazaqstan-boiynsa-lokdaun-engizilgeni-ras-pa-sanitar-darigerler-zauap-berdi/