RU

Қазақстанда жүкті әйелдерге вакцина салуға рұқсат беріле ме: ДСМ жауап берді

Жүктілік
Көрнекі сурет: pixabay.com

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстанда аяғы ауыр келіншектерге "Спутник V" вакцинасын салуға рұқсат беріле ме деген сауалға жауап берді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сауалға комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев жауап берді. Оның сөзінше, қазір комитетте бұл тақырып қозғалып жатқан жоқ.

"Біз Ресейде жүкті әйелдерге екпе салуға рұқсат бергенін білеміз. Алайда құрастырушы Қазақстанға тиісті ұсынымдар жіберген жоқ. Егер ұсыным жіберілсе ғана біз дәрігерлер кеңесін өткізіп, рұқсат беру-бермеу туралы шешім қабылдаймыз. Бәрі кеңеске байланысты. Осылайша, Қазақстанда аяғы ауыр әйелдерге "Спутник V" вакцинасын егуге салынған тыйым күшінде қалады", - дейді Ержан Байтанаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ресейдің денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко "Спутник V" вакцинасын аяғы ауыр әйелдерге салуға болмайды деген тыйымның жойылғанын хабарлаған еді.

Михаил Мурашконың сөзінше, сарапшылар мұндай шешімді вакцина қауіпсіздігінің клиникаға дейінгі зерттеулерінің оң нәтижелерін, сондай-ақ клиникалық зерттеулер мен тіркеуден кейінгі кезеңдегі тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы жинақталған мәліметтерді ескере отырып қабылдаған.

"Сарапшылар жүкті әйелдерге "Гам-КОВИД-Вак" вакцинасын қолдануға қарсы көрсеткіштерді жою туралы шешім қабылдады", - дейді министр.

Оның түсіндіруінше, осылайша коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары жүкті әйелдерге вацина салу мүмкіндігі пайда болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920029-qazaqstanda-zukti-aielderge-vakcina-saluga-ruqsat-berile-me-dsm-zauap-berdi/