RU

Жеке куәлігі жоқ азаматтар вакцина салдыра ала ма

Вакцина салу сәті
Көрнекі фото: pexels.com

Елімізде жеке куәлігі жоқ азаматтар коронавирус індетіне қарсы вакцина салдыра ала ма? Бұл сұраққа ІІМ қөші-қон комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов жауап берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Вакцина алған кезде ол азаматқа қатысты жеке мәлімет базаға енгізіледі. Аталған тұлғаның ЖСН-і (жеке сәйкестендіру нөмірі) болуы шарт. Жеке куәліксіз вакцина алу мүмкін емес. Яғни ол вакцина алған азаматтардың есебіне кірмейді. Сондықтан да азамат алдымен жеке құжатын реттегені абзал.

Осы орайда біз ел аумағындағы жеке куәліксіз тұрғындарды анықтау акциясын өткізіп жатырмыз. Оларға құжатсыз ешқандай қызмет алу мүмкін еместігін түсіндіріп, жеке куәлік алуына көмектесудеміз", – дейді Сабыржан Сейітжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қоғамды ақпараттандыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.

"Жалпы халықты оның ішінде құжатсыз жүрген азаматтарды хабардар ету мақсатында ҚР ІІМ Көші-қон комитеті, тәртіп сақшылары, үкіметтік емес ұйым және басқа құзырлы орган өкілдерін тарта отырып үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды", – дейді ол.

Бүгінде елімізде 4,6 мыңнан астам адамның жеке куәлігі жоқ.

Айта кетсек, бұған дейін үкіметтің онлайн-отырысында премьер-министр Асқар Мамин Қазақстанда міндетті вакцинацияны тек қызмет көрсету саласында ғана емес, білім беру саласында да енгізу қажет екендігін айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920030-zeke-kualigi-zoq-azamattar-vakcina-saldyra-ala-ma/