RU

Елорда әуежайында жанжал шығарған мас ер адам бортқа жіберілмеді

Жолаушылар әуежайда отыр
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Нұр-Сұлтан әуежайында өзін әдепсіз ұстап, балағат сөздер айтқан мас ер адам бортқа жіберілмеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құзырлы органның мәліметінше, 29 маусым күні әуежайда орналасқан полиция бекетіне Air Astana компаниясының өкілі жүгінген. Ол полиция қызметкерлерінен тіркеу алаңына қарай келуін өтінген.

"Тексеріс барысында көліктегі полицейлер өзін әдепке сай ұстамай қоғамдық орында балағат сөздер айтқан 45 жастағы Шымкент тұрғынын анықтады. Жолаушы ер адам Шымкентке ұшуы керек болған, алайда әуе тасымалы өкілдері оны "Нұр-Сұлтан-Шымкент" бағытындағы әуе рейсінің бортына кіргізбеген", - дейді полиция.

ПД мәліметінше, құқық бұзушы кезекші бөлімге жеткізу кезінде полицияның талабына бағынбай, қарсылық көрсеткен.

Ал медициналық тексерістен кейін оның орташа дәрежеде мас екені анықталған.

"Полицейлер оған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 440-бабы, 1-бөлігі және 667-бабы, 1-бөлігі бойынша хаттама толтырды. Одан бөлек, ұсақ бұзақылығы үшін тағы бір әкімшілік хаттама толтырылып, материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды", - дейді көліктегі полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин.

Сонымен қатар, ер адамға қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін 5 АЕК (14 585 теңге) мөлшерінде айыппұл салынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920065-elorda-auezaiynda-zanzal-sygargan-mas-er-adam-reisten-tusirildi/