RU

"Сандалтып қойдыңдар, министрлер": Шәкіртақысын сарыла күткен алматылық студенттер жанайқайын айтты

Лицензиясынан айырылған университет
Лицензиясынан айырылған университет: 24.kz

Алматыда шәкіртақысын ала алмай жүрген медициналық университеттің бір топ студенттері бас көтерді. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің студенттері ақпан айынан бері шәкіртақы ала алмай, талай табалдырықты тоздырған. Білім және ғылым министрлігінің шешімімен аталған оқу ордасы лицензиясынан айырылып, студенттер басқа ЖОО-ларға ауыстырылды. Алайда, мемлекеттік грантта оқитындар төрт айдан бері шәкіртақыны зарыға күтсе, ақылы бөлімдегі студенттер төленген ақшасын қайтара алмай, әуре-сарсаңға түсуде деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Студенттердің өздеріне тиесілі шәкіртақыны даулап, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бір университет өкілдері екіншісіне сілтеп, министр Алексей Цойдың өзі бұған қатысты нақты жауап бере алмай отыр.

«28 сәуір күні Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін ресми түрде жауып тастады. Сол жерде оқыған біздерді, студенттерді еліміздегі басқа да медициналық ЖОО-ларға ауыстырды. Алайда, төрт айдан бері бізге шәкіртақы түскен жоқ. Білім және ғылым министрлігіне де жаздық. Олар студенттерді салыстырып жатқанын айтып, бізді күте тұруға шақырады. Бірақ көптеген студенттер диплом алғалы отыр, оқуды бітірген соң біздің заңды шәкіртақымызды төлейтініне кім кепіл? Ешкім нақты жауап бермейді», - дейді ашынған студенттер.

Студенттердің арасында ақылы бөлімде оқитындар да бар. Олар жыл басында оқу ақысы үшін төлеген қаражаттың жартысын қайтара алмай әлек. Ал Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өз блогында жауап берген, алайда, шәкіртақыға қатысты нақты ештеңе айтпаған.

Студенттер жабылып қалған оқу орнынан да, өздері ауысып келген ЖОО-дан да үміт жоқ екенін айтады.

Мәселен, деканат өкілдері студенттерді сабырға шақырып, шыдамды болыңдар дегеннен басқа ештеңе айтпайды.

«Осы орайда, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдан сұрағымыз келеді. Лицензиясы жоқ оқу орындарын жапқандарыңыз дұрыс шығар. Бірақ ондағы студенттерді сабылтып, сандалтып қойғандарыңыз қалай? Күнделікті нанымызды жеп отырған шәкіртақыны күтіп шаршадық. Оқу бітірген соң бізге ақша түсетініне күмәніміз бар. Қыстан бері сіздерге қарап қол жайып келеміз. Студенттер мәселесін шеше алмайтын болсаңыздар, не үшін билікте отырсыздар?», - дейді медицина университетінің студенттері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920179-sandaltyp-qoidyndar-ministrler-sakirtaqysyn-saryla-kutken-almatylyq-studentter-zanaiqaiyn-aitty/