Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Швейцар журналисі Қазақстан пойыздарындағы жолаушылар өмірін қаз-қалпында көрсетті

Жарияланған күні:

Жолаушы пойызда кетіп барады
Фото: Instagram.com/heller_mario

Швейцарлық фотожурналист еліміздегі жолаушылар пойызының тіршілігін көрсетті деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Швейцария азаматының 2019 жылы Қазақстан темір жолдарымен жүріп өткен сапары барысында түсірген суреттері желі қолданушыларының қызығушылығын тудырды.

Фотожурналист Хеллер Марио пойызбен еліміздің көптеген жерін аралап шыққан.

Фотографтың объективіне түскен жоғардағы зейнеткердің есімі - Дина, жасы сол кезде 80-де болған.

"Әрине, мен пойызбен қатынап жүргеніме көп жыл болды. Әр сапарымда түрлі адамдармен танысамын. Қазір ұшаққа арзан билет табуға болады, бірақ мен пойызбен жүргенді ұнатамын. Мұнда уақыт бір орнында тоқтап қалатындай көрінеді. Менің жасымда ешқайда асықпайсың, сондықтан пойызбен қыдырудан ләззат аламын", - дейді оның кейіпкері.

Шетел азаматы сапар аясында қазақстандық жолаушылармен жақынырақ танысып, олардың пойыздағы өмірі мен темір жол станцияларындағы тұрмыс-тіршілікті бақылаған. Фотолардың авторы бұл сапарынан өзінше ой түйген.

Марио Хеллер Қазақстандағы пойыз бекеттерін "Кеңес Одағының мұражайы" деп атады.

"Қазақстандағы пойыз бекеттерін Кеңес одағының мұражайы деп атауға лайық. Ғимарат қабырғасындағы сол заманнан қалған суреттер мен бюсттер күту залын безендіріп тұр", - дейді ол.

Марио Хеллер пойыздағы әр жолаушының көңіл-күйін көрсетуге барынша тырысқан.

"Купе" деп аталатын осындай кішкентай бөлмелер. Бір-бірін мүлде танымайтын адамдар кішкентай кеңістікте жол бойы бірге отырып барады. Кейде қызу әңгіме-дүкен құрады, бірақ көбінесе жолаушылар ұйқтайды немесе смартфонынан кино көреді", - дейді көргенімен бөліскен фототілші.

Марио Хеллер жолсерікпен де сұхбаттасып үлгерген. Ол 30 жыл тәжірибесі бар Марат есімді жолсерікпен тілдескен.

"Пойыз отыз жыл бойы менің екінші үйіме айналды. Менің әжем де пойызда жолсерік болып қызмет еткен. Менің жұмысым билет тексеруден басталады. Кейде өзімді психолог сезінемін. Осы жылдары мен түрлі адамды жолықтырдым. Біреуі бақытты, енді бірі көңілсіз көрінеді. Арасында оларға ақыл айтамын, кейде олармен бірге күлемін, кейде жай ғана оларды тыңдап, тыныш отырамын", - деген жолсеріктің сөзін келтірді фотожурналист.

Сондай-ақ, швейцарлық азамат Қазақстанға сапарында Арал теңізінің экологиялық жағдайына да көңіл аударған.

"Елдегі 48 мың көлдің ішінде Арал теңізінің хәлі мүшкіл, тартылып қалған. Бұл соңғы он жылдықтағы ең ірі экологиялық апат. Кеңес одағы кезінде аса үлкен көлемде мақта егудің салдары", - деп жазды Марио Хеллер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920337-sveicarlyq-fotozurnalist-qazaqstan-poiyzdaryndagy-zolausylar-omirin-qaz-qalpynda-korsetti/