Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ШҚО-ның адам аяғы тимеген әдемі жерлерін жыл он екі ай аралайтын 55 жасар фотограф жайлы не білеміз

Жарияланған күні:

Фото
Фото: instagram.com/megalara_garuda

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының тумасы Евгений Домашевтың мамандығы сәулетші болса да, ол жылдар бойы сурет түсіруді жанына серік еткен. 55 жастағы ер адам өңірдің табиғаты әсем әрі ел білмейтін жерлерін аралап, оларды суретке түсіргенді ұнатады. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі фотографпен тілдесіп, оның осы салаға бет бұруының себебін сұрап көрді.

Евгений Домашев Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін сәулет-құрылыс факультетін тәмамдаған.

30 жылдан астам уақыт бойы эколог-жобалаушы болып қызмет еткен ол еліміздегі сәулет саласындағы көптеген ірі жобаларға қатысқан.

"Біздің өңірден бөлек, Байқоңырдағы да көптеген жобаға қатыстым. Фото өнеріне қалай келгенімді айтар болсам, бала күнімнен шұғылданамын. Сондай-ақ, жорықтық туризмді де ұнатамын. Бастапқыда әкеммен бірге, кейін достарыммен бірге Шығыс Қазақстанның табиғаты әдемі көптеген жерін аралап көрдім. Меніңше біздің облыста әлі де құпиялары ашылмаған талай жерлер бар", - дейді 55 жастағы сәулетші.

Евгений жергілікті БАҚ өкілдері жарыса жазған ШҚО-дағы сарқыраманы қалай тапқанын әрі оны суретке қалай түсіргенін де айтып берді.

"Тікұшақпен әдеттегідей өңірді аралап ұшқан кезде көзімізге бірден сарқырамаға түсті. Әуеден қарағанның өзінде әжептәуір биік екені көрініп тұрды...Менің есептеуімше, оның биіктігі шамамен 292 метр болуы керек.
Әрине көптеген скептик оған сенбеуі мүмкін және картада сарқыраманың биіктігі бар-жоғы 5 метр деп тұр. Ал биіктігі шамамен 82 метр болатын Көккөл сарқырамасының биіктігі картада 12 метр деп көрсетілген. Еліміздегі ең биік сарқырама деп есептелінетін Бұрхан-Бұлақ сарқырамасының биіктігі картада тіпті жазылмаған.
Айтайын дегенім, бұл карталардың жасалғанына 60 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында талай өзен суалып, талайында өзгерістер болуы мүмкін. Сарқырама орналасқан жер адамдарға барып-тұруына қиын жерде тұрғандықтан, әлі күнге дейін көп зерттелмеген", - дейді фотограф.

55 жастағы фотограф сондай-ақ ШҚО-ның табиғаты әдемі әрі ел көп біле бермейтінін жерлеріне қалай іздеп-табатынын да жасырмады.

"Қол қусырып, бос отыратын адам емеспін. Бірде тауды, бірде жартас, үңгірлерді, енді бірде өзен-суларды аралаймын. Жылдың кез келген мезгілінде, кез келген ауа райында, жалпы демалыс күндерімнің барлығын табиғатта өткіземін. Сондай кезде әдемі кадрларды түсіріп аламын", - дейді ол.

Евгений Домашев еліміздің ең әсем өңірі саналатын ШҚО-дағы тұралап қалған туризмді қалай дамыту керектігіне де тоқталды.

"Туризмді дамыту үшін, әр адам өзінен бастауы керек. Адамдар еліміздің табиғатына, кең даласына нұқсан келтірмесе, елдегі туризм сөзсіз дамитын еді", - дейді 55 жастағы фотограф.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920362-sqo-nyn-adam-ayagy-baspagan-ademi-zerlerin-zyl-on-eki-ai-aralaityn-55-zasar-fotograf-zaily-ne-bilemiz/