Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тұрғындары тек УАЗ мінетін Алматы облысындағы ауыл туралы білесіз бе

Опубликовано:

Көлсай
Фото: Әсет Құндақбаев

Алматы облысында бүтін бір ауылдың халқы жаппай УАЗ көлігін мінеді. Оның өзіндік себебі бар. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, елдімекендегі тозығы әбден жеткен жолға көліктің осы түрі ғана шыдас береді екен. Бұл туралы Азаттық рухы хабарлады.

Кеген ауданына қарасты Саты ауылының негізгі табыс көзі – туризм. Отбасындағы әйелдер қонақ күтсе, ерлері туристерді көрікті мекен Көлсай мен Қайыңдыға тасып табыс табады.

Көлсайға баратын жол жөнделгенмен, Қайыңдыға апаратын жол әлі салынбаған. Жолдың болмауы – жергілікті жұртқа жақсы. Қайыңдыға жету үшін таулы қыраттар, ойлы-шұңқыр, құзды шыңмен көпірсіз өзеннен бірнеше рет өту керек. Ондай жолға тек УАЗ көлігі ғана шыдас береді екен. Бағасы арзан ресейлік көлікті ауыл адамдары жаппай сатып ала бастаған. Солардың бірі Сейсенбек Омаров өз көлігімен күніне екі рет Қайыңдыға адам жеткізетінін жасырмады.

"Көлсайға жол жөнделгелі келушілер де көбейді. АлайдаҚайыңдыға баратын 15 шақырымдай жолмен жеңіл көлік те, автобус да жүре алмайды. Бұл жаққа келген соң туристер барлығын аралағысы келеді. Сұранысқа қарай ауыл тұрғындары УАЗ көлігін сатып алып, күнде адам тасып жүрміз. Бір адамды апарып-әкелуге 2 мың теңге аламыз. Менікіне кемі алты адам отырады, ал фургондарға 12 адамға дейін тиеп алады. Бұл жақтың жолына шыдайтын көлік осы ғана. Автобсупен келетін жүздеген адамды осы ауылдың шетінде күтіп тұрамыз", - дейді ол.

Сейсенбек Омаровтың сөзінше, ауыл адамдарының тең жартысы ресейлік көлікті сатып алған. Қазір шағын ауылдағы УАЗ саны сексеннен асады.

Көлсай
Фото: Әсет Құндақбаев

Ресейлік көлікке туристреді тиеп алған ауыл адамдары оларды көлге дейін апармайды. Қайыңды көліне екі шақырым жетпей тоқтайтын тұрақ, алаңқайға дейін әкеледі. Одан ары туристер ат жалдап мінеді немесе Қайыңдыға дейін жаяу көтеріледі.

"Жоғары қарай екі шақырым жердегі Қайыңдыға атпен апарып-әкелуге 5 мың теңге аламыз. Екі атым бар, күніне бірнеше рет көлге барып келеміз. Осы жылқылармен отбасымды асырап, бала-шағамды оқытып жатырмын. Үш айда бір миллион теңгеге дейін ақша табуға болады. Жалға берілетін жылқылардың саны алпыс шақты. Турист мінген аттың қасында бірге жаяу жүреміз. Кейбірі ішіп алып, тауға шапқылап атты зорықтырады. Көп атың болса оған ие болу қиын", - деді Тілеужан Ордабаев.

Көлсай
Фото: Әсет Құндақбаев

Көлсай көлдеріне келген туристердің саны мыңдап саналады. Қонатын жер жетіспейді, қонақ үйдің бағасы қымбат. Сұранысты қанағаттандыру үшін ауыл адамдары жаппай киіз үй тігіп, табыс табуға көшкен. Ақ боз үйлердің саны жүздеп саналады.

Саты ауылындағы Гүлзияның негізгі қызметі – мұғалім. Жаздың үш айлық демалысы ол үшін нағыз табыс табудың көзі. Баспанасын жалға беріп, өзі туристерге тамақ дайындайды.

"Жаз мезгілінде туристер демалыс күндері ғана емес, аптаның ортасында да келеді. Менің үйім он үш адамға арналған. Келушілерге үш уақыт тамақ пен моншасын әзірлеп беремін. Бұрын бізге негізінен шетелдіктер келетін, пандемия басталғалы олар азайып, керісінше өз халқымыз көптеп келе бастады. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Шымкенттен келіп жатқан адамдар көп", - дейді Гүлзия Сәрсенбаева.

Көлсайға жол жөнделген соң, ауылға су келген, көше жарықтандырылып, интернетке қосылған.

Алматыдан 280 шақырым жердегі Көлсай көлдеріне демалыс күндері 5-6 мыңға дейін адам келеді. Ауылдағы үйлерге бір күн тұру үш уақыт тамағымен қоса алғанда адам басына 8-12 мың теңге тұрады.

"Интернеттің келуі бізге де ыңғайлы болды. Турфирмалар алдын ала осындай күні келеміз деп хабарласады. Оған қоса олар қандай тағам ішкісі келетіндерін де мәлімдейді. Солардың сұранысына қарай ас әзірлеп қоямын. Турфирмалармен келісімшарт бойынша жұмыс істеп отырмын", - деді мұғалім.

Көлсай
Фото: Әсет Құндақбаев

Көлсайдың төңірегінде қонақ үйлердің санын артыру жоспарланған.

2019 жылы 8 нысан болса, биыл қонақ үйлердің саны 29-ға жеткен.

"Көлсай көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" РММ экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Сағыныш Әзімовтың айтуынша, Көлсай көлдеріне 2019 жылы 87 мың адам келсе, 2020 жылы карантинге қарамастан 83 153 турист келген.

"Биылғы маусым енді басталып жатыр, алайда осы уақытқа дейін 45 мың адам келді. Былтыр шетелден 53 турист келсе, биыл 80-ге жуық адам келді. Қазір Ұлттық паркте 7 туристік бағыт бар, оның екеуі үлкен сұранысқа ие. Біріншісі, төменгі Көлсай көлі, екіншісі Қайыңды көлі. Сондай-ақ, Көлсай көліндегі су маршруты да үлкен сұранысқа ие. Жол жөнделгелі адамдардың 70%-ы Көлсайға келіп жатыр. Туристің көптігіне байланысты сыйымдылықты азайту мақсатында Күрметаулы, Қыземшек, ортаңғы Көлсай бағытын аштық. Алдағы уақытта Көлсай мен Қайыңдыдағы маршрутты атпен және жаяу деп екіге бөлуді жоспарлап отырмыз", - дейді ол.

Алдағы уақытта Көлсайда екі отель, визит орталық, глэмпинг, кэмпинг және этноауыл бой көтермек. Ол үшін 17 гектар жер жалға берілген. Ал ресейлік УАЗ-ды жаппай сатып алып жатқан ауыл адамдары келесі жылдан бастап табыстан қағылуы мүмкін. Өйткені, облыс әкімдігі жуырда Қайыңды жолын асфальттауды бастамақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920426-turgyndary-tek-uaz-minetin-almaty-oblysyndagy-auyl-turaly-bilesiz-be/

pixel