RU

Қазақстан аумағында тағы үш елдің вакцинация паспорты жарамды

Екпе
Көрнекі сурет: NUR.KZ / Петр Карандашов

Бас мемлекеттік санитар дәрігері жаңа қаулыға қол қойды. Оған сәйкес бірқатар елдердің вакцинация паспорты Қазақстан аумағында жарамды. Құжат денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайтында жарияланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Егер бұған дейін Венгрия, Тайланд және Моңғолия азаматтарының вакцинация құжаттары / куәліктері / сертификаттары Қазақстанда жарамды болса, қазір бұл тізімі кеңейтілді. Енді оған аталған мемлекеттерден бөлек Грузия, Қырғызстан және Молдавия кіреді.

Қаулы қол қойылған күннен яғни 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Құжат мәтіні туралы қосымша ақпаратты мына жерден таба аласыз.

Еске сала кетсек, аса жұқпалы "үнді" штамының тіркелуіне байланысты Алматыда шектеу шаралары күшейтілді.

Жаңа қаулыға сәйкес, қалада жаппай маска тағу режимі енгізіледі, қоғамдық көлік, такси, метро, әуежай, вокзал, балалар алаңдары, базарлар және басқа да қоғамдық орындарда дезинфекциялық жұмыстар жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, "үнді" штамы бүгін Шымкент қаласында да анықталды.

"Шымкенттен "дельта-штамм" анықталды. Қазіргі күні тексеріс жүргізілуде", - деп түсіндірді Шымкенттің бас мемлекеттік санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев.

Сонымен бірге, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да бұл мәліметті өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында жеткізді.

"Дельта-штамм" Шымкенттен шықты. Қала "қызыл" аймаққа кірді. COVID-19 инфекциясын 143 адам жұқтырғаны анықталған. Жаңа штамм тез таралып жатыр, дерт асқынып жатыр. Ата-анаңыз бен балаларыңызды сақтаңыздар", - деп жазды қала басшысының орынбасары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920488-qazaqstan-aumagynda-tagy-us-eldin-vakcinaciya-pasporty-zaramdy/