RU

"Сізге әлеуметтік төлем тиесілі": Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Ұялы телефонға тыйым
Көрнекі фото: pixabay.com

Елордада көпбалалы аналарды алдаумен айналысып келген топқа қатысты тергеу басталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, көпбалалы аналарды әлеуметтік төлем жайлы жалған хабармен алдап келген Шымкент қаласының екі тұрғыны ұсталған.

Белгілі болғандай 24 жастағы жігіт пен қыз елорда тұрғындарына қоңырау шалып, өздерін Халыққа қызмет көрсету орталығының әлеуметтік төлемдер бөлімінің қызметкері ретінде таныстырып отырған.

Сенімге кіргеннен кейін олар мемлекет көпбалалы аналарға әлеуметтік төлем жасап жатқанын айтып қуантқан. Ол үшін көпбалалы ана "әлеуметтік төлемнің 10% мөлшерінде айыппұл берешегін төлеуі қажет" болған.

Аналар орта жолда айнып кетпес үшін күдіктілер айыппұлды төлеу үшін жеке сот орындаушылары палатасының қызметкеріне хабарласу керектігін айтып, жалған нөмірлер ұсынған. Ақша аударылатын шот сол нөмір арқылы берілген. Ақша аударғаннан кейін күдіктілер нөмірлерін ауыстырып отырған.

"Алаяқтар құрған схемаға елордалық екі көпбалалы ана алданып, жалған шоттарға 40 мың теңгеден ақша аударған. Қазір күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тергеу басталды. Кінәсі дәлелденсе, олар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - дейді ведомство.

Полиция қазір қомақты әлеуметтік көмек түскені туралы алдамшы ақпараттар көбейгенін, соның дені алаяқтық әрекетті жүзеге асыру үшін жасалатынын еске салды.

"Әдетте өзін халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері ретінде таныстыратын қаскүнемдердің алдауына түсетіндер көп. Мұндай алаяқтықтың кейбір белгілері: - қалыпты абоненттік нөмірден қоңырау шалу, төлқұжат деректерін сұрау, түсініксіз айыппұлдар бойынша берешек бар екенін айтып бопсалау, бөгде нөмірден SMS кодын жіберу (1414 емес), ақша аудару үшін қажет шоттарды ұсыну", - дейді полициядан.

Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті алаяқтық әрекеттердің құрбаны болмау үшін мынадай қарапайым сақтық шараларын ұстануды сұрайды.

  • ХҚКО қызметкерінің аты-жөнін, филиалдың мекенжайын біліп, ХҚКО-ның ресми нөмірінен қоңырау шалуды сұраңыз;
  • Егер бейтаныс адам сіздің жеке куәлігіңіздің суретін жіберіп, түпнұсқаны көрсетуді сұраса, сенуге асықпаңыз.
  • ХҚКО қызметкерлері клиенттерге ешқашан қоңырау шалмайды, барынша жақын орналасқан ХҚКО бөліміне жүгінуді сұрайды;
  • Жеке сот орындаушысының аты-жөнін біліп, оны ресми сайттан табуға болатын тізімнен тексеріңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920630-sizge-aleumettik-tolem-tiesili-elimizde-alayaqtyqtyn-zana-turi-paida-boldy/