Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Асқар Мамин "Алтын Ордадағы" жол айрығының құрылысын қазан айында аяқтауды тапсырды

Опубликовано:

Фото
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Асқар Мамин Алматы қаласына жұмыс сапары аясында "Алтын Орда" базары маңындағы жол айрығының құрылысымен танысты деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты.

Қазір "Алматы-Бішкек" автомобиль жолының 16-19 шақырым учаскесін қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Оның барысында инженерлік коммуникацияларды қайта орната отырып, учаскені 4 жолақтан 10 жолаққа дейін кеңейту, негізгі магистральдық эстакаданы, "таға" түріндегі бұрылу эстакадасын, Ақсай өзені арқылы өтетін көпірді, сондай-ақ жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерін салу жоспарланған.

Осы орайда үкімет басшысы барлық сапа стандарттарын қамтамасыз ете отырып, жұмыс қарқынын арттыруды және оларды биыл қазан айында аяқтауды тапсырды.

"Жол айрығын осы жылғы қараша айында пайдалануға беру қажет. Жоба Алматы қаласы мен Алматы облысы арасындағы көлік қатынасын жақсартады",  —  дейді премьер-министр.

Одан бөлек, Асқар Мамин мегаполистегі метрополитеннің жұмысымен танысты.

Қазіргі таңда метрополитеннің бірінші желісінің жұмыс істеп тұрған 9 метро станциясына қосымша "Сарыарқа", "Достық" және "Қалқаман" станциялары салынып жатыр, бұл желінің жалпы ұзындығын 10,3 шақырымнан 15,9 шақырымға дейін, ал жолаушылар ағынын тәулігіне 46 мыңнан 93 мың адамға дейін артады деп күтілуде.

Осы жылдың соңына дейін "Сарыарқа" және "Достық" станцияларында құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап, техникалық іске қосу жоспарланған.

2022 жылдың I тоқсанының соңына дейін іске қосу-реттеу жұмыстарын аяқтау және станцияларды пайдалануға беру көзделген.

"Қалқаман" станциясында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған.

Үкімет басшысы Алматы метрополитенінің бірінші желісінің II кезегін дамыту бойынша жоспарланған барлық жұмыстардың уақытылы және сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда" базары маңындағы жол айрығының құрылысын сынға алып, премьер-министрге құрылысты осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920655-asqar-mamin-altyn-orda-zol-airygyn-qazan-aiyna-deiin-qoldanysqa-berudi-tapsyrdy/

pixel