RU

Қазақстан тұрғыны Дубайда өткен байқауда миллион доллар ұтып алды

Лото
Фото: russianemirates.com

Қазақстандық Ришат Төлегенов Дубайдағы Duty Free сауда желісі дүкендері ұйымдастырған Millennium Millionaire Series лотереясының жеңімпазы атанып, миллион АҚШ долларын ұтып алды деп хабарлайды "Русские Эмираты".

Басылымның ақпаратына сүйенсек, қомақты қаражат ұтысына қазақстандық азамат 2 маусымда қатысқан. Дәл сол күні ол онлайн түрде № 0517 билет сатып алған.

Ұйымдастырушылар жеңімпазды Дубай халықаралық әуежайының d D Вестюбилінде анықтаған.

Сонымен бірге, басылым аталған ұтыс науқаны 1999 жылдан бері ұйымдастырып келе жатқанын тілге тиек еткен. Ал сәтті билет иесі атанған Ришат Төлегеновпен ұйымдастырушылар әлі байланыспапты.

Одан бөлек, Шаржының 48 жастағы тұрғыны Mercedes Benz GLS 580 4M көлігін, 51 жастағы Үндістан тұрғыны Harley-Davidson Softail Standard FXST мотоциклін, 35 жастағы Иордания тұрғыны Harley-Davidson Sporster Forty-Eight XL 1200X мотоциклін ұтып алған.

Басылым, сондай-ақ, аталған байқау тарихында ұтыс алған қазақстандықтар бұған дейін болғанын да атап өткен. Ондағы деректерге сенсек, миллион долларды Ришат Төлегеновке дейін тағы екі қазақстандық азамат ұтып, жеңімпаз атаныпты.

Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ-тың Колорадо штатында вакцина салдырған келіншек лотереядан миллион доллар ұтып алғанын жазған едік.

Салли Слайгер есімді жеңімпаз енді сол ақшаның бір бөлігін зейнетақы қорына құйып, қалғанын балаларға көмектесуге жұмсамақ екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920691-qazaqstan-turgyny-dubaida-otken-baiqauda-million-dollar-utyp-aldy/