RU

"Үнді" штамын жұқтырған науқастарды қалай емдейді

Аурухана
Фото: Алматы ДСБ баспасөз қызметі

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирустың "үнді" штамын жұқтырған науқастардың қалай емделетінін айтты деп хабарлайды Қазақпарат.

Оның сөзінше, "үнді" штамын жұқтырғандарды бөлек жатқызып, бөлек ем жүргізілмейді.

"Ондай нұсқа қарастырылмаған. Бүгінгі күні емдеу хаттамасы іс жүзінде бірдей. Вирусқа қарсы терапия, сондай-ақ басқа әдістер қолданылады. Негізі бұл сұрақ дәрігерлерге бағытталуы керек. Мен айта алатын жалғыз нәрсе - бұрынғы штамдардан айырмашылығы, бұл жерде диарея симптомы қосылды. Жалпы, емдеу "британдық штамм" және басқа да нұсқалары сияқты жүзеге асырылады", - дейді Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері.

Сонымен қатар, бүгінгі брифингте Жандарбек Бекшин Алматыда коронавирустың төртінші толқыны басталғанын мәлімдеген болатын.

Оның сөзінше, төртінші толқын коронавирустың "дельта" штамының пайда болуымен тікелей байланысты.

"Коронавирустың үшінші толқыны бәсеңдемей жатып, төртінші толқынға тап келіп отырмыз", - дейді ол.

Одан бөлек, "үнді" штамының тіркелуіне байланысты Алматыда шектеу шаралары күшейтілген болатын.

Жаңа қаулыға сәйкес, қалада жаппай маска тағу режимі енгізіледі, қоғамдық көлік, такси, метро, әуежай, вокзал, балалар алаңдары, базарлар және басқа да қоғамдық орындарда дезинфекциялық жұмыстар жүргізілетін болады.

Жаңа қаулы 28 маусымда күшіне енді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920709-undi-stamyn-zuqtyrgan-nauqastardy-qalai-emdeidi/